Жетісу облысында биылғы эпидемиологиялық маусым тұрақты бақылауда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, эпидмаусым басталғалы өңір бойынша жедел респираторлық вирустық инфекцияның (ЖРВИ) 45 674 жағдайы тіркелді, оның 30 912-сі – 14 жасқа дейінгі балалар. Медициналық ұйымдарда вирустың өсуін ескере отырып, МСАК деңгейінде 29 мобильді бригада, 25 сүзгі кабинеті және азаматтарға кеңес беретін 48 телефон желісі жұмыс істеп тұр. Шұғыл көмек көрсету үшін 69 жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмылдырылған. Облыста 82 000 адам вакцинацияланып, тұмауға қарсы егілді. Стационарлық көмек 421 инфекциялық төсекке есептелген, қажет болған жағдайда қосымша 196 төсек дайындалды. Реанимацияда ауыр жағдайдағы пациенттер жоқ.
Облыста халық арасында профилактика шараларын күшейту мақсатында ақпараттық-ағарту жұмыстары белсенді жүргізілді. 15 813 ақпараттық парақша таратылып, 1,5 мыңнан астам адамды қамтыған оқу семинарлары мен конференциялар ұйымдастырылды. Іс-шаралар барысында мамандар тұмаудың алдын алу тәсілдерін, вакцинацияның маңызын және ауру белгілері байқалған жағдайда әрекет ету алгоритмін түсіндірді. Сонымен қатар медициналық ұйымдардың ресми әлеуметтік желі парақтарында ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу жөніндегі материалдар жарияланып, тұрғындарға бағытталған кең көлемді түсіндіру жұмыстары жалғасуда.
Республика бойынша әдеттегі тұмау вирустары айналымда жүр, жаңа немесе қауіпті штаммдар анықталған жоқ. Соның ішінде елде А тұмауы вирусының «Гонконг тұмауы» деп аталатын H3N2 штаммы тіркелді. Бұл вирус жаңа емес, 1968 жылдан бері әлемде тұрақты таралып келеді. H3N2 штаммы жоғары температура, бас ауруы, әлсіздік және жөтел сияқты тұмауға тән белгілермен сипатталады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қазіргі маусымда жиі кездесетін үш штамм – А (H1N1), А (H3N2) және В түрлері. Аталған штамдар қолданыстағы «Гриппол+» вакцинасында бар, сондықтан вакцинация ауыр ағымнан тиімді қорғаныс береді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша дайындалды.