Шекаралық аймаққа апаратын «Сарыөзек-Көктал», «Жаркент-Қорғас» күрежолдары жөнделді

Шекаралық аймаққа апаратын «Сарыөзек-Көктал», «Жаркент-Қорғас» күрежолдары жөнделді

Жетісу облысында шекаралық аймақ Панфилов ауданының жол инфрақұрылымын жақсартуға көп көңіл бөлінуде. Былтыр ұзындығы 32 шақырым болатын «Жаркент-Қорғас» республикалық жолы жөнделіп, пайдалануға берілсе, биыл 178 болатын «Сарыөзек-Көктал» автомагистралының жөндеу жұмыстары аяқталды, оның 83-і шақырымы Панфилов ауданы аумағынан өтеді. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Панфилов ауданы тұрғындарымен кездесуінде айтылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиын барысында айтылғандай, биыл Көнбе асуындағы көпірді, Көктал ауылынан «Алматы-Қорғас» жолына шығатын 15 шақырым жолды жөндеу жұмыстары толық біткен. Сол сияқты облыстық маңызы бар «Жаркент-Сарыбел» жолының 4 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Ал Басқұншы ауылында кіреберіс жолдың күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, келесі жылы аяқталады.

- Өздеріңіздің сұрауларыңыз бойынша Ынталы ауылының 11,8 шақырым кіреберіс жолына күрделі жөндеу жұмыстарын бастағанбыз, биыл асфальт төселіп бітеді, келесі жылы абаттандырылып, қабылданады. Бұдан бөлек Жаркент, Әулиеағаш, Басқұншы елді мекендерінің 8 көшесінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күнге Басқұншы ауылындағы 2 көшесінің жөндеу жұмыстары аяқталды. Жаркент қаласы мен Әулиеағаш ауылының ішкі көшелерінің жөндеуі келесі жылы жалғасады, - деді Б. Исабаев.

Еске салсақ, соңғы үш жылда Кербұлақ пен Панфилов аудандарының аумағындағы республикалық маңызы бар жалпы ұзындығы 241 шақырым жол жөнделді. Атқарылған жұмыстар жол жабынын белгіленген нормативтік талаптарға сай жақсы техникалық күйге келтіруге мүмкіндік берді. Ал Панфилов ауданындағы жергілікті маңызы бар 29 шақырым автомобиль жолдарын жөндеуге, сондай-ақ күтіп-ұстауға биыл қаржы бөлінді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Жеңіс Ысқабай