Жетісу өңіріндегі жүгерінің шамамен 55% Панфилов ауданына тиесілі. Биыл мұнда 23,1 мың гектар жерге себілген дәндік жүгері толық жиналып, 182,5 мың тонна өнім алынды. Сонымен қатар биыл ауданда қуаты жылына 33 мың тонна болатын жүгері өңдейтін экспортқа бағытталған жаңа кәсіпорын іске қосылды. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Панфилов ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында айтылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
- Былтыр уәде еткенімдей, жүгеріге субсидия көлемі
10 теңгеден 12 теңгеге көтерілді. Жалпы облыстағы өсірілген жүгеріні «Жаркент крахмал-сірне зауыты», «АзияАгроФуд», «Уыз Май Индастри» және «Астық Халық Экспо» ЖШС-лары, яғни 4 кәсіпорын қабылдайды. Биылғы жылы Сіздердің ауданда орналасқан «Жаркент крахмал-сірне зауыты» қуатын 120 мыңнан 150 мың тоннаға дейін ұлғайтты. Сонымен бірге Жаркент қаласында биыл 1,8 млрд. теңгеге күніне 120 тонна жүгері өңдейтін «KAZAHSTAN YUZHENG TRADING» зауыты іске қосылды. Өнім мал азығы ретінде Қытай, Өзбекстан және Иран мемлекеттеріне экспортталады, - деді Б. Исабаев.
Ауданның тағы бір әлеуеті – бау-бақша шаруашылығы. Облыс бақтарының 44%-дан астам алқабы, яғни 2,3 мың га Панфилов ауданда. Өндірілген өнімді сақтайтын жалпы сыйымдылығы 8,5 мың тонналық 8 қойма бар. Ауданда аумағы 1 га болатын
«КазГеоТерм» жылыжайы жұмыс істеп тұр. Жалпы жыл басынан ауданның агроөнеркәсіп саласына 1,9 млрд. теңге инвестиция тартылып, 2024 жылға қарағанда 1,7 есе артқан.
Дегенмен облыс әкімі ауданда өндірілген өнімді қайта өңдеу үлесін көтеру керектігін айтып, тауарлы сүт, ет, құс фермаларын салу және ауыл шаруашылық тауарларын өңдеу кәсіпорындарын ашу бағытында нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар «Жаркент Фрукт» ЖШС қызметкерлерінің еңбекақын төлеу мәселесін жаңа жылға дейін шешуді міндеттеді.
Өңір басшысы өз сөзінде мемлекет тарапынан аграрлық секторға қолдау көрсетіліп, субсидиялар, жеңілдетілген несиелер беріліп отырғанын атап өтті. Мәселен, аудан диханшылары осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, Үкіметтің қолдауымен «ҚазАгроҚаржы» АҚ 512 млн. теңгеге 28 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Ал «Кең Дала-2» бағдарламасы аясында 31 өтінім бойынша 394 млн. теңгеге жеңілдетілген несиелер берілді.
Осы орайда ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты саланың бірі - ветеринариялық қызметтің жай-күйі туралы да сөз болды. Аталмыш қызметтің сапасын арттыру мақсатында соңғы екі жылда 7 елді мекенде - Сарыбел, Шолақай, Үлкенағаш, Алтыүй, Талды, Айдарлы, Үлкеншыған ауылдарында блокты-модульді ветеринариялық пункттер орнатылып, 2 автокөлік сатып алынған.
Ал жер мәселесіне келсек, ауданда 2022-2025 жылдары пайдаланбай жатқан 60 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, соның 54 мың гектары айналымға тартылды, оның 22 мың гектары шаруа қожалығымен айналысамын деген азаматтарға берілсе, 32 мың гектары ауданның барлық ауылдық округтеріне қоғамдық жайылым ретінде бекітіліп берілген. Тағы 6 мың гектары жермен жұмыс істегісі келетін азаматтарға конкурс арқылы келесі жылдың 1-жартысында берілетін болады.
Осы ретте облыс әкімі жер мәселесі маңызды болғандықтан, аудан әкіміне жер қатынастары басқармасымен және жер ресурстарын басқару департаментімен бірлесіп, пайдаланбай жатқан жерлерді қайтаруды, қайтарылған жерлерді конкурс пен аукцион арқылы әділ және заң шеңберінде табыстауды тапсырды.
Жалпы, ауданның ауыл шаруашылығында былтыр жалпы өнім көлемі 59,6 млрд. теңгені құрап, облыстағы үлесі 13,7% болса, биылғы он айда 46,5 млрд. теңгенің өнімі, яғни 21,5 млрд. теңгесі мал шаруашылығында, 25 млрд. теңгесі өсімдік шаруашылығында өндірілді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фототілшілер: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев
және бірқатар фотоларды Панфилов ауданының әкімдігі ұсынды