Жетісу облыс құрылғаннан бері Кербұлақ ауданының экономикасына 128 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды, соның 82,8 млрд. теңгесі - жеке инвестиция. Бұл ретте биылғы жылдың өткен он айында ауданда әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштерінің өсімі қамтамасыз етілді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Жанат Жүнісбековтің Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде айтқан мәліметтеріне қарағанда, ауданда цемент өндіретін «Алацем» ірі зауытын қоса алғанда 9 өнеркәсіп орны жұмыс істейді. Мәселен, өткен он айда «Alacem» ЖШС-ның ауданның өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі 87,6 % құрап, кәсіпорын 1,2 млн. тоннадан астам цемент өндірді. Ал «Жоламан қиыршық тас зауыты» ЖШС 807 млн теңгенің өнімін шығарды, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 44,1 % ұлғайған. Кәсіпорында 2024 жылы 190,2 мың тонна шағыл тас өндірілсе, жыл басынан бері бұл көрсеткіш 269 мың тоннаға жетті. Сол сияқты осы жылдың мамыр айынан іске қосылған «Техаренда» ЖШС бүгінге дейін құны 77,3 млн теңгеге бетон шығарды.
- Соңғы жылдарда ауданда өнеркәсіп өндірісінің көлемі ұлғайып келеді. Мұндай үрдіске бизнеске қолайлы жағдай жасау негізінде инвестициялық жобаларды іске асыру, кәсіпорындарды жаңғырту арқылы қол жеткізіліп отыр. Бұл ауданның өңдеу өнеркәсібін дамытудағы әлеуеті жоғары екенін көрсетеді. Қабылданған шаралар өнім көлемін ұлғайтып, жұмыс орындарын ашуға жол ашады, - деді Ж. Жүнісбеков.
Жалпы, 2026-2028 жылдарға арналған ауданның инвестициялық пулына 1,4 трлн. теңге көлеміндегі 9 жоба енгізілген, оны іске асыру нәтижесінде 2 500-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады. Мұндағы ірі жобалардың қатарында қуаттылығы жылына 50 млн тонна руда өңдеп, 860 мың тонна мыс концентратын, 5 мың тонна мыс катодын шығаратын «Шоғырландырылған құрылыс тау-кен компаниясы» ЖШС бар. Жобаның құны 1 трлн 300 млрд. теңге. Кен байыту комбинаты іске қосылғанда 2200-ден астам адамға жаңа жұмыс орны ашылады.Сол сияқты 2027 жылы «Qazaq LNG Almaty» ЖШС-ның жылдық қуаты 110 мың тонна сұйытылған табиғи газ өндіретін зауытын іске қосу жоспарланып отыр. Жобаға тікелей шетелдік инвестиция есебінен шамамен 70 млн. АҚШ доллары жұмсалады. Құрылыс кезінде 300, іске қосылғанда шамамен 70 адам жұмыспен қамтылады. Оған қоса инвестициялық пул тізімінде жылына 170-185 кВт электр энергиясын өндіретін күн электр станциясы, 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы, жылына 150 мың тонна өнім шығаратын әктас зауыты және қуаттылығы сағатына 120 тонналық асфальт зауыты бар.
Ауданда туризмге де ерекше көңіл бөлініп, саланы дамытуға қолайлы жағдай жасалуда. Соның нәтижесінде биылғы жартыжылдықта келушілер саны мен оларға көрсетілген қызмет сомасы 2 есеге өскен. Аудан аумағында туристік және экскурсиялық маршрут қызметін жүзеге асыратын «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне осы жылдың 10 айында 31,3 мың адам келген.
Инвестиция тарту аудан экономикасын дамытуға қол жеткізудегі негізгі басымдық саналады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғастырылады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев,
сол сияқты бірқатар фотосуреттерді Кербұлақ ауданының әкімдігі ұсынды.