
Президенттің тапсырмасы бойынша Жетісу облысында Балқаш және Алакөл көлдерінің жағалау аймағын күтіп ұстау қызметімен айналысатын коммуналдық кәсіпорындар құрылуда. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев туристік әлеуеті үлкен Панфилов ауданы тұрғындарымен кездесуі кезінде айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
- Панфилов ауданы – туристік әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Ауданда 28 туристік нысан жұмыс істейді, онда биылғы жылдың 1-жартысында 18 мың келушіге қызмет көрсетіліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 4,7%-ға артты. Бұл ішкі және шетелдік туристердің аймаққа деген қызығушылығының артуын көрсетеді. Ауданда «Жаркент Мешіті», Әулиеағаш, сондай-ақ Керімағаш пен «Жаркент-Арасан» шипажайлары сияқты туризмді дамытуға қолайлы жерлер болғандықтан, туристер легін көбейтуге болады. Осы орайда туризмді одан әрі қарқынды дамыту мақсатында облыста Туризм басқармасы құрылды, оған қоса 5 ауданда туризм бөлімі ашылды. Соның бірі – Сіздердің ауданда. Бөлім келесі жылдан бастап толыққанды жұмыс істейтін болады, - деген өңір басшысы Алматы өңірінен демалушыларға «Алматы-Қорғас» автожолымен келуге қолайлы жағдай жасалғанын, биыл «Сарыөзек-Көктал» облыстық маңызы бар автожолы жөнделіп, Талдықорған жақтан келетін туристер үшін де жол жағдайы жақсарғанын атап өтті.
Жаңадан құрылған «Балқаш Тазалық» және «Алакөл Тазалық» кәсіпорындары Балқаш және Алакөл жағалауларын тазалау, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, қоғамдық санитарлық тораптарды күтіп ұстау, көше жарықтандыру жүйесіне қызмет көрсету, тротуарлар мен жол бөліктерін тазалау, аумақтарды көгалдандыру сияқты бірқатар нақты міндеттерді атқарады. «Алакөл Тазалық» коммуналдық мекемесіне 40-тан астам, «Балқаш Тазалыққа» 20-дан астам штат беріледі. Ал маусымдық кезеңде қосымша жұмысшылар тартылады. Мекемелердің әрқайсысына 20-дан астам арнайы техника сатып алу жоспарланып отыр. Бұл тізімде бульдозер, экскаватор, автогрейдер, трицикл, қоқыс тасығыш, автогидрокөтергіш, жүк көліктері, қайық, автокран т.б. арнайы техникалар бар. Мұндай коммуналдық мекемелердің жұмысы көл жағалауларының санитарлық жағдайына оң ықпал ететін болады.
Жалпы, Жетісу облысында Балқаш және Алакөл көлдері жағалауының инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда.
Атап айтқанда, Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағы жаңартылды. «Талдықорған - Үшарал», «Үшарал - Достық» автокөлік жолдарын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Ақши ауылында кәріз жүйесінің құрылысы бітіп, кәріз тазалау нысаны салына бастады. Бескөлден Ақшиге дейін ұзындығы 56 шақырымнан астам 110 КВт электр желісі тартылып, қосалқы станциялар салынды. Жағалауды бекіту жұмыстары жалғасуда.
Сол сияқты Балқаш жауғалауында бей-берекет құрылысқа жол бермеу мақсатында Балқаш жағалауы аймағының егжей-тегжейлі жоспары әзірленген. Бұған дейін Лепсі ауылынан Балқаш жағалауына дейінгі жол жасалып біткен болатын. Ал биылғы жазғы маусымда «Алматы – Өскемен – Лепсі - Ақтоғай» автокөлік жолы көлік қатынасы үшін ашылып, қазір абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Балқаш жағалауында инженерлік-коммуникациялық желілер тартылуда. Атап айтқанда 9,3 км жағалау жолы, 32 км су желісі, 17 км кәріз желісі, 36 км электр желісі салынады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай және бірқатар фотосуреттер облыс әкімінің архивінен алынды.