Жетісу облысының Көксу ауданы – ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы аграрлы аймақтың бірі. Онда жыл басынан бері 30,5 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, облыстағы үлесі 9% асты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
- Мемлекет басшысы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеру ел дамуының стратегиялық басымдығы екенін атап өтті. Бұл ретте біздің мақсатымыз - мал шаруашылығын дамыта отырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауданда өндірілетін өнімді қайта өңдеу үлесін арттыру. Осы бағытта биылғы жылдың басында 100 млн. теңге инвестиция тартылып, тәулігіне 40 тонна сүт өнімін өндіретін «Green Horizon Enterprises» цехы іске қосылды. Сондай-ақ құны 14 млрд. теңге болатын, қуаттылығы жылына 15 мың тонналық және 500-ге жуық жұмыс орны құрылатын «Beles Agro KZ» ЖШС-нің құс етін өндіретін инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырамыз, - деді Көксу ауданының әкімі Дәулет Халелов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде.
Оның айтуынша, ауданда ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруге үлес қосып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған үш ірі кәсіпорын бар. Олар - Көксу қант зауыты, май бұршақ өңдейтін «Уыз Май Индастри» ЖШС және «Көксу СМ» сүт зауыты («Арқабаев» ЖК). Сонымен қатар ауданда 3670 басқа арналған 10 бордақылау алаңы және жобалық қуаты 1340 мал басы болатын 6 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді.
Осы орайда ветеринария саласына да ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, ветеринарлық қызметтің сапасын арттыру мақсатында соңғы екі жылда 8 ауылда – Қаблиса, Алғабас, Еңбекші, Мұқаншы, Мұсабек, Жарлыөзек, Айнабұлақ, Балпық би елді мекендерінде блокты-модульдік ветеринариялық пункттер орнатылды, 4 автокөлік сатып алынды.
Атап өтсек, ауданда 336 мыңнан астам мал мен құс бар, қысқы мерзімге 191,6 мың тонна мал азығы дайындалған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев және бірқатар фотосуреттерді Көксу ауданының әкімдігі ұсынды.