Жетісудың Текелі қаласында жылыту мекемесінде жаңа бу-газ қондырғысы орнатылды

Жетісудың Текелі қаласында жылыту мекемесінде жаңа бу-газ қондырғысы орнатылды

Жетісу облысының Текелі қаласында қуаты 24 МВт болатын бу-газ қондырғысы орнатылды. Бұл жұмыстар «Текелі энерго кешені» ЖШС-ның жаңғырту және бу-газ қондырғысын салу жобасының 1-кезеңінің жоспарына сай атқарылды. Ал жобаның үш кезеңі толық іске асырылғанда мұндағы өндірілетін электр қуаты 53,0 МВт және жылу қуаттылығы 48 Гкал/сағ дейін ұлғатуға мүмкіндік туады. Текелідегі осы және басқа да қолға алынған жұмыстармен бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев танысып қайтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Текеліге барған жұмыс сапарында өңір басшысы алдымен «Текелі энерго кешені» ЖШС-да болды. Жалпы, Текелі ЖЭО-2 (электр-жылу орталығы) – қаланың тұтынушыларын жылумен қамтамасыз ететін жалғыз жылу көзі, сонымен қатар облыс аумағындағы электр энергиясын өндіретін негізгі база болып саналады. Экономикалық өсімге орай электр және жылу энергиясына деген сұраныстың артуына байланысты қолға алынған іргелі инвестициялық жоба жайлы «Текелі энегро кешені» ЖШС-ның техникалық директоры Тимур Бижанов баяндап берді. Оның айтуынша, станция аумағында заманауи бу-газ қондырғысын салу үш кезеңнен тұрады.  

- Кешенде әрқайсысы 12 МВт болатын үш газ турбиналы қондырғы, үш утилизациялық қазан және қуаты 17 МВт болатын генераторы бар бу турбинасы орнатылады. Биылғы сәуір айында жобаның бірінші кезеңі іске асырылып, екі газ турбиналы қондырғы қойдық. Жыл соңына дейін екінші кезеңі аяқталады, ал үшінші кезеңін іске асыру 2026 жылға жоспарланған. Осы жобаның нәтижесінде қала толығымен электр қуатымен және жылумен қамтамасыз етіліп, жаңа нысандарды қосуға қосымша жылу қуаты пайда болады, - дейді Т. Бижанов.

Мұнан кейін облыс әкімі Текеліде былтыр ашылған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болып, ондағы спорттық үйірмелердің жұмысымен танысты, жас спортшылармен тілдесті. Атап өтсек, бұл орталықта 580-нен астам жас спортшы волейбол, баскетбол, садақ ату, бокс, дзюдо, тхеквондо, ауыр атлетика, жеңіл атлетика, стритбол сияқты спорттың 9 түрінен жаттығады.

Осы күні Текелі қаласының әкімі Алмас Әділ қаланың бас жоспарымен таныстырып, бірқатар инвестициялық жобалар жайлы баяндады. Атап айтқанда Текелі шаңғы-биатлон кешені, жылыжайы, спорттық-туристік кешені, демалыс базасы, қонақ үйі т.б. құрылысы жүргізілетін жобалар туралы айтып берді. Облыс әкімі Текелі қаласының даму мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, туризмді ілгерілетуге, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты шараларды қабылдауды тапсырды.

Сол сияқты өңір басшысы Бейбіт Исабаев қаладағы Д. Қонаев көшесінің жөндеу жұмыстарының барысын да көрді. Атап өтсек, аталған көшенің 6 шақырымына күрделі жөндеу, 12 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар қараша айының соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланған.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Жеңіс Ысқабай