
Жетісу облысы Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақ ауылында ауданы 5 га астам, ұзындығы 1,2 шақырым болатын «Жеңіс» саябағы салынып бітті. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүргізілген құрылыс жұмыстарының сапасын облыс әкімі Бейбіт Исабаев көріп қайтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Атап өтсек, «Жеңіс» саябағының құрылыс жұмыстары бұрынғы мердігер компанияның жауапсыздығынан 2021 жылдан бері аяқсыз қалған болатын. Биыл оның жобасына түзетулер енгізілгеннен кейін қосымша қаржы бөлініп, саябақ толық салынып бітті.
Аудан әкімі Елдос Ахметовтың айтуынша, саябақтың жалпы аумағы 5,6 га, ұзындығы 1,2 шақырым. Жеңіс көшесінде орналасқан бұл саябақта волейбол, баскетбол және футбол ойнайтын 3 әмбебап спорт алаңы, 4 балалар ойын алаңы жасалып, орындықтар, қоқыс жәшіктері, жарық шамдары орнатылған, тротуар төселіп, 460-қа жуық 4 түрлі жапырақты және қылқанжапырақты ағаш отырғызылды, 38 мың шаршы метр аумаққа газон төселді, санитарлық торап салынды. Атап өтсек, саябақтағы ағаштар арық жүйесі арқылы суғарылады. Саябақтың күтіміне шамамен 5 адам жұмысқа тартылады деп жоспарланған.
- Қазір «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірдегі аудан орталықтары мен облыстық маңызы бар қалалардың бәрінде дерлік абаттандырылған саябақтар салу немесе жасыл аймақтарды қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Біз бұл жұмыстарды 2026 жылдың соңына дейін толық аяқтаймыз. Суару желісі де жобада бірден қарастырылады, өйткені саябақтардағы жасыл желекті күтіп-баптап, уақытылы суарып отыру керек. Бүгін «Жеңіс» саябағының құрылыс жұмыстары аяқталғанын көрдік, енді оны күтіп ұстау, суару жұмыстары жүйелі жүргізілуі тиіс. Халықтың осындай мәдени-демалыс саябақтарында жайлы демалуына жағдай жасалуы керек, тұрғындар да өз тарапынан саябаққа қамқорлықпен қарауы тиіс, соны кеңінен айтып түсіндіріңіздер, - деді Б. Исабаев аудан әкіміне. Сол сияқты саябақтағы қалған ұсақ-түек шаруаларды, соның ішінде көктемгі гүл мен көгал отырғызатын жерлерге қара топырақ төгу жұмыстарын аяқтауды тапсырды.
Жалпы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Ескелді ауданында бірқатар шаралар атқарылды. Мәселен, соңғы екі жылда 5 елді мекенге – Қарабұлақ, Байысов, Ақын Сара, Ешкіөлмес, Абай ауылдарына 3 балалар және 4 спорт алаңы орнатылды. Биыл жеті ауылдың 32 көшесіне жарықтандыру тіректері орнатылды. Сонымен қатар Қарабұлақ ауылындағы Суворов көшесіне жаңадан электр желілері тартылды, ал Алмалы ауылында бұл жұмыстар келесі жылы аяқталады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай