Қазақстан чемпионаты: «Жетісу» волейболшы қыздары «Berel» командасынан басым түсті

Қазақстан чемпионаты:  «Жетісу» волейболшы қыздары «Berel» командасынан басым түсті

Талдықорғанда өтіп жатқан волейболдан Ұлттық лигадағы әйелдер командалары арасында Қазақстан Республикасы XXXIV чемпионатының ІІ кіші турда «Жетісу» мен «Berel» командалары шеберлік сынасты. Ойынды тамашалауға облыс әкімі Бейбіт Исабаев арнайы барды. Сол сияқты волейболдан «Жетісу» ерлер командасының құрамымен кездесіп, алдарына жаңа міндеттер жүктеді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ел чемпионатының  кезекті ойынында «А» тобындағы «Жетісу» (Жетісу облысы), «Berel» (Шығыс Қазақстан облысы), «Тұран» (Түркістан облысы), «Алматы» (Алматы қаласы) командалары Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында өзара бақ сынасуда.

«Жетісу» бірінші ойынды «Алматы» командасымен өткізіп, 3:0 есебімен жеңіске жетсе, кеше «Berel» волейболшыларына қарсы ойнады. Өте тартысты өткен ойында «Жетісу» 3:1 есебімен шығыс қазақстандықтардан басым түсті.

Жарыс аяқталған соң облыс әкімі Бейбіт Исабаев жетісулық волейбол командасын құттықтап, жылы лебізін білдірді.

- Чемпион болу қиын, ал чемпиондықты сақтап қалу одан да қиын. Бүгінгі ойында сіздер командалық береке-бірліктеріңізді, кәсіби шеберліктеріңізді көрсеттіңіздер. Алдағы уақытта да жеңісті жолды жалғастыруға барлық мүмкіндіктеріңіз бар, біз сіздерден тек жеңіс күтеміз, - деді Б. Исабаев.

Бұл ретте «Жетісу» волейбол әйелдер командасының бас жаттықтырушысы Марко Гршич бұл жарыстан кейін команданың алдында үлкен міндет тұрғанын атап өтті. 

- Осы ел чемпионатынан кейін бізді Бразилияның Сан-Паулу қаласында желтоқсанның басында өтетін клубтық Әлем чемпионаты күтіп тұр. Біздің волейболшы қыздар үшін ол үлкен тәжірибе болады деп ойлаймын, - деді ол.  

Атап өтсек, бүгін ІІ тур ойындары аясында жергілікті волейбол командасы «Тұран» ойыншыларымен кездеседі. Жалпы волейболдан әйелдер командалары арасында Қазақстан Республикасы XXXIV чемпионатының ІІ кіші турдағы «А» тобының жарысы Талдықорғанда, «В» тобынікі Ақтөбе қаласында өтіп жатыр. Бұған дейінгі І турдың жалпы қорытындысы бойынша «Жетісу» 20 ұпаймен І орында келе жатыр.

Еске салсақ, ске салсақ, «Жетісу» волейбол клубы Қазақстанның 9 дүркін чемпионы, ҚР Кубогының 9 дүркін және Суперкубогының 4 мәрте иегері, Азия чемпиондар лигасының жеңімпазы.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Жеңіс Ысқабай