Жетісу облысының ауылдарына газ тарту жұмыстары жалғасуда

Жетісу облысының ауылдарына газ тарту жұмыстары жалғасуда

Жетісу облысында көгілдір отын тағы үш ауылдық елді мекенге жеткізілді. Ескелді ауданының Теректі, Ақтасты және Қайнарлы ауылдарының 1800-ден астам тұрғыны табиғи газға қол жеткізді, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жалпы Ескелді ауданындағы 33 елді мекеннің 21-і газдандыруға жатады, солардың 19-ы – Қарабұлақ, Бақтыбай, Елтай, Алдабергенов, Жаңалық, Өтенай, Сырымбет, Қаратал, Шымыр, М. Байысов, Ешкіөлмес, Жетісу, Екпінді, Абай, Жастар, Өрқусақ және енді Қайнарлы, Теректі, Ақтасты ауылдары көгілдір отынмен қамтылған.

Қазіргі уақытта Көкжазық және Жалғызағаш ауылдарында газ тарату желілерінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, аудан тұрғындарының өтініштерін ескеріп, газдандыру схемасына енбеген үш елді мекен – Теңлік, Биғаш және Жеңдік ауылдарын газдандырудың жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Құрылыс-монтаж жұмыстары келесі жылы басталады. Соның нәтижесінде келесі жылдың соңына қарай аудандағы 24 ауыл газдандырылып, 47,3 мың адам немесе аудан халқының 93 пайызы көгілдір отынға қол жеткізеді.

Газдандыру жұмыстары аясында алғашқы болып мердігер ұйымның күшімен Қайнарлы ауылында тұратын көпбалалы ананың үйі газға қосылды.

– Бұл - біз үшін зор қуаныш. Үйде газдың болғаны – үлкен көмек. Енді балалар тоңбайды, үй шаруасын атқару да әлдеқайда жеңілдейтін болды. Соның арқасында балалардың тәрбиесіне көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік туады. Осы істі жүзеге асырған жандарға алғыс айтамын, – деді алты баланың анасы Гүлім Тобықбаева.

Ауылдың тағы бір тұрғыны, 77 жастағы Қаршыға Сақаева да пікірін білдірді. Ол он бір бала тәрбиелеп өсірген. Ауылға табиғи газ келді деген жаңалықты қуана қабылдағанын айтты:

– Өмір бойы үйді көмірмен жылытып келемін. Бір маусымда көмірдің өзіне жүз мың теңгеден астам қаражат кетеді. Газ әсіресе егде жастағы адамдар үшін өте қолайды. Енді үйіміз жылы, таза әрі жайлы болады. Ең бастысы жылу қамымен сонша әуреге түспейтін болдық, – деді ол.

Айта кетейік, үш ауылды газдандыру жұмыстары аясында жалпы ұзындығы 48,4 шақырым болатын газ құбыры тартылды.

– Президенттің тапсырмасына сәйкес Жетісу облысында газдандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін газдандыру деңгейі 72 пайызға жетеді. Ал облыс құрылған кезде небәрі бес елді мекенде ғана табиғи газ болған еді. Табиғи газ – отын түрлерінің ішіндегі экологиялық жағынан ең тазасы. Ол көмір мен дизель отынына қарағанда қоршаған ортаға зиянды қалдықтар шығармайды. Сонымен қатар бұл отын түрін сақтау үшін арнайы орын қажет емес, пеш жағу мен тазалауға кететін уақыт та үнемделеді. Жалпы табиғи газ халықтың өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Бекетаев.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев