Жетісу облысында қазіргі кезде 288 шаруа қожалығы екі қант зауытына 167,4 мың тонна өткізісе, соның 72,1 мың тоннасы Көксу қант зауытына, 95,3 мың тоннасы Ақсу қант зауытына жеткізілді. Зауыттар кестеге сәйкес күніне орта есеппен 7,5-8 мың тонна қызылша қабылдап отыр. Бүгінгі күнге екі кәсіпорын 54 мың тонна өнім өңдеп, 6,5 мың тонна қант шығарды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, 12,2 мың га қант қызылшасының 7,2 мың гектары немесе 59% қазылып, 324 мың тонна өнім алынды, гектар өнімділігі 450 центнерден айналып отыр. Қалған 5 мың гектарды қазу жұмыстарын 1 желтоқсанға дейін аяқтау жоспарланған. Қазіргі кезде өнім жинауға 113 комбайн жұмылдырылған.
Жалпы өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау науқаны жалғасып жатыр. Бүгінгі күнге 278,8 мың гектар дәнді дақылдар орылып, 748,4 мың тонна астық бастырылды, орташа гектар өнімділігі 26,8 центнерді құрауда. Соның ішінде дәндік жүгеріні жинау жалғасып, 42,2 мың гектардың 41,5 мың гектары немесе 98,4% орылды, 318,6 мың тонна өнім алынды, орташа гектар өнімділігі 76,7 центнер.
«Биылғы көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына Аграрлық несие корпорациясы тарапынан 10 млрд. теңге бөлініп, 317 өтінім бойынша 7,5 млрд. теңге несие қаражаты берілді. Күзгі дала жұмыстарына 7 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Бүгінгі күні кестеге сәйкес 6,8 мың тоннасы сатып алынды. Қазіргі кезде алдағы көктемгі дала жұмыстарына өтінімдер қабылдау жұмыстары жалғасуда. Минералдық тыңайтқыштарды қолдану көлемі 58,8 мың тоннаға дейін жеткізіліп, жоспар толық орындалды. Ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау жұмыстары жалғасуда және тұрақты бақылауда. Атап өтерлігі, келесі көктемгі дала жұмыстарына қажетті 51,9 мың тонна тұқым толық дайындалды», - делінген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарламасында.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі