«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Республика күніне орай Жетісуда облыс көлемінде сенбілік ұйымдастырылды. Экологиялық акция барысында 4600-ден астам жас көшет отырғызылып, 345 тонна қоқыс шығарылды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Еңбек ұжымдары, мемлекеттік қызметкерлер, еріктілер мен коммуналдық қызмет өкілдері шыққан Талдықорған қаласындағы сенбілікке облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев қатысты. Экологиялық шара барысында Туберкулезге қарсы диспансер маңынан бастап Қаратал өзені бойы тазартылды.
- Біз алдын ала аумақтарды бөліп, әр топты қажетті құрал-жабдықтармен, тиісті техникамен қамтамасыз еттік. Мұндай бастамалар тек тазалық орнатуға ғана емес, қоршаған ортаға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл – Талдықорған қаласы мен жалпы Жетісу өңіріндегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған ауқымды бағдарламаның бір бөлігі, – деді Талдықорған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Айдос Тұрсынов.
Сенбілікке қатысушылар да өз пікірлерін білдірді:
– Бір аумақта әр түрлі мамандық иелері мен жастар өкілдері жиналып, қаланы бірге тазалағанда, бұл жай ғана сенбілік емес, бірлік пен достықтың, қамқорлықтың мерекесіндей сезілді. Мұндай акциялар адамдардың туған жердің болашағына деген жауапкершілігін қалыптастырады. Мен бала кезімнен өз үйімді таза ұстауға үйреніп өстім. Ал республикамыз – ол бәріміздің ортақ үлкен үйіміз. Оның тазалығына әрқайсымыз да жауаптымыз, – деді талдықорғандық Анар Жақсыбекова.
Атап өтсек, облыс көлеміндегі экологиялық шараға 11 780 адам қатысты.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Олжас Құрмашев