Жетісу облысында жылыту маусымы басталғанға қарамастан әлеуметтік нысандар жылуға қосыла бастады. Дәл қазір барлығы 47 әлеуметтік нысанға жылу берілді. Олардың арасында Алакөл, Панфилов аудандары мен Текелі қаласындағы 32 мектеп, 8 балабақша, 7 аурухана бар. Қалған аудандар мен қалалар тәуліктік жылу температурасына қарай 4 қазаннан 15 қазанға дейін жылуға қосылады, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы таратқан мәліметке қарағанда, жылыту маусымына 1697 көпқабатты үй мен 1314 бюджеттік сала нысандары толығымен дайын. Ал бюджеттік сала нысандарын жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорындар қажетті жағар отынмен толық қамтамасыз етілген.
- Осы аптаның басынан бастап, бірқатар аудандар мен қалалардағы әлеуметтік нысандарды жылуға қосу туралы шешім қабылданды. Бұдан ары 4 қазаннан 15 қазанға дейін сырттағы ауа температурасы 5 тәулік бойы +8 градустан төмен болған жағдайда тұрғын үйлерге де жылуды біртіндеп береміз. Сонымен қатар, Талдықорған қаласындағы орталық жылыту «Басқуат» қазандығын іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек қалада 9 кварталдық қазандық бар. Сондай-ақ, қуаты 49 ГКалл болатын жаңа қазандықтың құрылысы жүріп жатыр. Оны келесі жылыту маусымына дейін іске қосу жоспарланған. Бұған қоса жеке инвестицияның көмегімен «Басқуат» қазандығының базасында электрлік қуаты 84 МВт және жылыту қуаты сағатына 70 Гкалл болатын бу-газ стансысы салынуда. Бұл жоба ІІІ кезеңнен тұрады. І кезеңі аяқталды, ІІ кезеңі биыл жыл соңына дейін бітуі тиіс. Толық аяқталуы келесі жылға межеленген. Осылайша осындай екі ауқымды жобаның арқасында «Басқуат» қазандығына түсетін салмақ 30%-ға азаяды, - дейді Жетісу облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Бекетаев.
Жалпы Жетісу облысында 23 қазандық, 1 ТЭЦ, 393 километр жылу құбыры, 3 935 километр су құбыры, 628 километр кәріздік құбыр, 13,8 мың километр электр желілері және 2644 трансформаторлық стансылар бар. 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында 2 турбиналық, 35 қазандық, 17,3 километр жылу құбырына, 1,3 мың километр электр желілеріне және 206 трансформаторлық стансыға жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Көмірмен қамтамасыз етуге келсек, Жетісу облысындағы жұртшылыққа жылына 397 мың тонна қатты отын қажет. Бүгінгі күні 199,9 мың тонна көмір алынды немесе жоспар 50%-ға орындалды, қоймалардағы қалдық 20,6 мың тоннаға тең. Аймаққа тәулігіне 22 вагон немесе 1 518 тонна көмір жеткізіледі.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фототілші: Дмитрий Ерофеев