«Таза бейсенбі»: Жетісуда 500 тонна қоқыс шығарылып, 300 көшет отырғызылды  

«Таза бейсенбі»: Жетісуда 500 тонна қоқыс шығарылып, 300 көшет отырғызылды   

Жетісу облысында жалпыұлттық «Таза Қазақстан» бағдарламасының аясында өткен «Таза бейсенбі» экоакциясына 5767 адам қатысып, 111 дана арнайы техника жұмылдырылды. Жұдырықтай жұмылған шараның нәтижесінде 203 гектар алқап тазартылып, 494 тонна тұрмыстық қалдық полигондарға шығарылды. Сонымен қатар, 300 түп көшет отырғызылып, 2230 метр қоршау мен 3500 метр қақпа сантүрлі түске боялды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Экоакцияға Кербұлақ ауданының жұртшылығы да белсенді қатысып, ауызбіршілік көрсетті. Биыл жыл басынан бері ауданда өткізілген 30 экологиялық шараға 3 мыңнан астам адам қатысты. Тазалық шарасының нәтижесінде 2 мың тонна қоқыс шығарылып, саябақтар мен скверлерге ағаш көшеттері отырғызылды.

«Таза бейсенбі» акциясына қатысқан Сарыөзек кентінің тұрғыны Бөкен Рысбеков:

- Тазалықты сақтау, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау – бұл біздің ортақ міндетіміз, әрбір тұрғынның – азаматтық борышы. «Таза болса табиғат – аман болар адамзат» деген мақалды халқымыз бекер айтпаса керек, яғни, адам мен табиғат өзара тығыз байланыста. Өзімізді қоршаған тұмса табиғатты көздің қарашығындай сақтайтын болсақ ол да бізге берекелі байлығын қайтарымсыз бере түседі. Сондықтан барлық жерлестерімізді өз үйінен, ауласынан бастап, көшесіне, ауданына, қаласына дейінгі аралықты қамтитын сенбіліктерге, экологиялық шараларға белсенділікпен қатысуға шақырамын, - дейді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Фотосуреттерді облыстық энергетика және ТКШ басқармасы ұсынды