Отбасын қолдау: Жетісу облысында тоғызыншы «Жанұя» орталығы ашылды

Отбасын қолдау: Жетісу облысында тоғызыншы «Жанұя» орталығы ашылды

Жетісу облысында тоғызыншы «Жанұя» отбасын қолдау орталығы ашылды. Бұл әлеуметтік маңызы бар нысан Ақсу ауданында да өз жұмысын бастады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының хабарлауынша, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау және қолдау мақсатында құрылған «Жанұя» орталықтары Жетісу өңірінің аудандары мен қалаларында 2023 жылдан бастап ашыла бастады. Олардың жұмысы қиын өмірлік жағдайға тап болған тұрғындарға тегін құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек, дағдарысқа ұшыраған отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталған. Орталыққа жүгінгендерге білікті заңгерлер, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер көмек көрсетеді.

– Біз бұл орталықтарды адамдардың игілігі, отбасымыздың болашағы үшін ашып жатырмыз. Мұнда келушілер мемлекеттен қолдау таба алады. Біздің мақсатымыз – қолдауға зәру жандарға кеңес беру ғана емес, нақты көмек көрсету, жұмысқа орналастыру, құқық қорғау, психологиялық қолдау көрсету, – деді Жетісу облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев.

Жергілікті тұрғындар да жаңа орталықтың маңыздылығына сенім білдірді. Жансүгіров ауылының тұрғыны, көп балалы ана Мариям Дүйсенбина орталықтың ашылғанына дән риза.

– Әрбір отбасының бірден мамандарға хабарласу мүмкіндігі бола бермейді. Бірақ қазір кез келген кезде көмек ала аламыз. Ең бастысы – тегін. Орталық көпшілік үшін шынайы тірекке айналды. Мұнда келген әр адам өміріндегі қиын кезеңде қолдау мен түсіністік таба алады деп ойлаймын, –  деді ол.

Айта кетейік, биыл Жетісу облысының Ескелді және Көксу аудандарында, енді Ақсу ауданында «Жанұя» отбасын қолдау орталықтары ашылды. Бұл орталықтар қазір облыстағы тоғыз қала мен ауданды қамтыса, келесі жылы Талдықорған қаласында ашылады.

Жыл басынан бері облыстық «Жанұя» отбасын қолдау орталықтарына 212 отбасынан 570-тен астам адам тіркеліп, жан-жақты психологиялық, әлеуметтік және қолдау қызметтерін алуда.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Суреттер Ақсу ауданы әкімдігінен алынды