BIKEN FEST ІІІ» халықаралық фестивалі: Жетісуда шетелдік және отандық тоғыз театр марапатталды

BIKEN FEST ІІІ» халықаралық фестивалі: Жетісуда шетелдік және отандық тоғыз театр марапатталды

Жетісу облысында бес күнге жалғасқан « BIKEN FEST ІІІ» халықаралық фестивалі мәресіне жетті. Өнер мерекесіне қатысушы ұжымдар тоғыз номинация бойынша марапатталып, Бас жүлдені «Абай айтқан Еңлік-Кебек» спектаклімен Абай облыстық қазақ музыкалық драма театры еншіледі. Атап өтсек, биыл Бикен Римов атындағы театрға 50 жыл толып отыр, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Фестивальдің жабылуына арналған салтанатты жиында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов сөз сөйлеп, театрдың өміршеңдігін көрсеткен бұл өнер мерекесі Жетісу мәдениетінің бір тарихи белесі болып қалатынын атап өтті. Фестиваль  келер жылы да  жалғасатынын тілге тиек етіп, төрелік еткен әділқазыларға шынайы алғыс білдірді, сондай-ақ фестивальға келген шетелдік қонақтарға алғыс хаттар табыс етті.

Мұнан соң мерекелік шара марапаттау рәсімімен жалғасты. Атап айтқанда, Бас жүлдеге Абай облыстық қазақ музыкалық драма театрының «Абай айтқан Еңлік-Кебек» спектаклі лайық деп танылып, өнер ұжымына
1 млн. теңгенің сертификаты берілді. Сол сияқты «Үздік пластикалық режиссура» номинациясын «Чарли Чаплин» спектаклімен Ә. Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры иеленді. Ал Ш. Құсайынов атындағы Ақмола облыстық драма театрының актері Төлеубек Көңбай «Киотоға жол» қойылымындағы Қожажас, актер, Әмір, капитан рөлдері үшін «Ең үздік ер адам бейнесі», Әзербайжанның М. театрының актрисасы Оксана Расулова «Бейтаныс әйелдің хаты» спектакліндегі бейтаныс әйел рөлі үшін «Ең үздік әйел адам бейнесі» номинацияларын жеңіп алды. «Чор Дарвеш» спектаклін қойған Өзбекстанның Бұхара мемлекеттік музыкалық драма театры «Үздік актерлік ансамбль» аталымында қара үзіп шықты. Т. Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрының актері Нұрлан Салидинов «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» номинациясын, Георгий Ратиани атындағы Сухуми жастар театрының актрисасы Кристине Беруашвили «Екінші пландағы үздік әйел адам бейнесі» номинациясын иеленді. Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық драма театрының «Тастамашы, ана» спектаклі «Үздік сценография» номинациясын, Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрының «Қар қызы» спектаклі «Үздік музыкалық безендіру» бойынша үздік шықты. Жүлдегерлердің бәріне ақшалай сертификаттар мен арнайы статуетка табыс етілді.

Жалпы, театр фестивалінің қойылымдарына белгілі отандық және шетелдік өнер қайраткерлері қазылық жасады. Атап айтқанда, ҚР Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте иегері, актер, продюссер, режиссер Досхан Жолжақсынов, театртанушы, өнертану докторы Бақыт Нұрпейіс, театртанушы, педагог, РФ Татарстанның Мәдениет министрінің кеңесшісі, Татар мемлекеттік Экият қуыршақ театрының көркемдік жетекшісінің кеңесшісі, Д.Сиразиев атындағы және М.Жәлел атындағы сыйлықтардың лауреаты Нияз Игламов, театртанушы, өнертану докторы, Шота Руставели атындағы Тбилиси мемлекеттік театр және кино университетінің профессоры Гиорги Цкитишвили, өнертану кандидаты, Өзбекстан мемлекеттік өнер және мәдениет институтының доценті Айбек Копадзе сыншылық етті. Қазылар алқасы режиссерлік шешімдерді, актерлік шеберлікті, сахнаның безендірілуін, тағы басқа да талаптар тұрғысынан бағалағандарын айтты. 

– Біз қойылымдарды сан қырынан қарастырдық. Әрине, спектакльдердің жанры да, мазмұны да әртүрлі болды. Сол үшін біз ең алдымен актерлердің кейіпкерді шынайы сомдауына баса назар аудардық. Бұл фестиваль біз үшін үлкен олжа болды. Неге десеңіз, бүгінгі заманауи режиссерлердің батыл шешімдері, актерлердің шынайы бейнелері, кез келген тақырыпқа жаңаша көзқарас таныта білуі қуантты. Бес күн ішінде шетелдік театрлар да, еліміздегі театрлар да өз өнерін көрсетіп, тәжірибесін ортаға салды. Тоғыз қойылымның әрқайсысында жүректі толқытқан шоқтығы биік дүниелер бар. Халықаралық деңгейдегі « BIKEN FEST» фестивалі ұлт руханияты үшін үлкен мереке деп санаймын, - деді қазылар алқасының төрағасы Досхан Жолжақсынов.

Еске салсақ, 13-17 қыркүйек күндері Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы драма театрда дәстүрлі « BIKEN FEST» фестивалі өткен болатын. Оған Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан,  Грузия елдерінен және еліміздің өзге өңірлерінен жалпы саны 9 театр қатысты. Бұл өнер фестивалі биыл үшінші жыл қатарынан өткізілді.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотографтар: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев