Биыл Жетісу облысында 130 мың тонна картоп жиналады деп күтілуде. Қазір науқан қызу жүріп жатыр, бүгінге орташа өнімділік гектарына 213,4 ц/га центнерге жетті, бұл өткен жылдың көрсеткішіне қарағанда 5 центнерге жоғары, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, облыста 6250 гектар жерге картоп егілді. Соның бүгінгі күнге дейін 65,5 % жиналып, 87,5 мың тонна өнім қамбаға құйылды.
Картоп жинауға Ескелді ауданының шаруашылықтары да белсене кіріскен. Бұл ауданында биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алқабы 53 408 гектар болса, соның 1116 гектарына картоп себілген, сол қатарда «Нам» шаруа қожалығының алқабы да бар.
- Біз тәлімі бидай, қант қызылшасын, картоп, соя мен жүгері де өсіріп отырмыз. Биыл картопты 50 гектарға ектік. Жинау жұмыстарына 2 картоп жинайтын комбайн тартылып, 30 адам жұмыс істеп жатыр, ал жалпы тұрақты жұмыспен 15 адам қамтылған. Бұл ретте мемлекеттен көрсетілетін қолдаудың маңызы зор. Мәселен, қант қызылшасының тұқымына және себуге, ал картоптың тұқымына субсидия аламыз, бұл әрине біз үшін шаруашылықты одан әрі дамытуға үлкен көмек. Өнімді өткізу де жолға қойылған, біздің картобымыз Талғардағы қытырлақ картоп шығаратын зауытқа, сол сияқты Талдықорғанның базарына жөнелтіледі, - дейді шаруашылық жетекшісі Виктор Нам.
Аудандық әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, шаруашылықтарға мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетілуде. Биылғы жылдың өзінде аудан шаруалары лизингіге 56 жаңа техника сатып алған. Соның арқасында техникаларын жаңарту деңгейі 7,5% болып отыр. Жалпы бүгінгі күні ауданда 6 сервистік-дайындау орталығы жұмыс істейді. Қазіргі кезеңде күзгі жиын-терінге шамамен 153 тонна арзандатылған жанар-жағармай, 5 мың тоннадан астам минералды тыңайтқыш бөлінді. Сонымен қатар биылғы жылдың 7 айында ауданда 17,2 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген, бұл өткен жылдың деңгейінен 5,7% жоғары.
Жалпы, биыл Жетісу облысында ауыл шаруашылығы субъектілерін қолдауға 68 млрд теңге, соның ішінде субсидиялар, жеңілдетілген несиелер, сондай-ақ техника сатып алуға арналған лизинг қаражаты қарастырылған. Оның 14,3 млрд теңгесі «Кең дала» бағдарламасы аясында бөлінді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді түсірген: Жұмабай Мұсабеков.