Биыл Жетісу облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 21 жасыл аймақ абаттандырылады

Биыл Жетісу облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 21 жасыл аймақ абаттандырылады

Жетісу облысында биыл «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында 21 жасыл аймақ, атап айтқанда 13 саябақ, 2 свквер, 6 аллея абаттандырылуда. Құрылыс жұмыстары барлық аудан-қалаларда жүріп жатыр, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Экологиялық бағдарлама аясында абаттандырылып жатқан нысанның бірі - Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақ ауылындағы – «Жеңіс» саябағы. 1980 жылдары салынған бұл саябақтың аумағы - 6 га. Нысанда қазір күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жаяу жүргіншілер жолы жаңартылды, бордюр орнатылып, асфальт төселуде. Сондай-ақ балалар және спорт алаңдарына жаттығу құралдары мен турниктер орнатылды. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарына 30-дан астам адам және 6 техника бірлігі жұмылдырылған.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, саябақта жалпы саны 7 балалар ойын және спорт алаңы, 100-ден астам жарықтандыру тірек бағаналары, 60-тан астам орындық қойылып, нысан жаңа кейіпке енеді. Бүгінгі күні мұндағы құрылыс жұмыстарына 12 жұмысшы мен 6 техника жұмылдырылған. Жыл соңына дейін құрылыс аяқталуы тиіс.

Аудан тұрғындары елді мекеннің көркейтіліп жатқанына дән риза.

- Орталық саябаққа келсем, санамда көп естеліктер жаңғырады, өйткені бала кезімде мұнда ата-анаммен бірге жиі келетінмін. Әке-шешем ауылдастарымен бірге осы саябаққа ағаш отырғызған. Қаншама жылдан кейін саябақтың жасарып, жаңарғанын көру – мен үшін қуаныш, - дейді Евгений Соболенко.

Бұл пікірді Қарабұлақ ауылының тағы бір тұрғыны Ескендір Садыбаев та қуаттады:

- Бұл саябақтың жөндеу көрмегеніне де біршама жыл болды, маған тіпті қараусыз қалғандай көрінетін. Қазір оның іші-сыртын ретке келтіріп, балалардың ойнағанына да, бір уақыт үлкендердің серуендеп демалуына да қойлайы жағдайлар жасалуда. Енді оны күтіп-ұстап, жасалған дүниеге жанашырлықпен, ұқыпты қарауымыз керек, соны өз басым балаларға айтып-түсіндіріп жүремін, - дейді ол.

Атап өтсек, 2022-2024 жылдар аралығында өңірде 11 саябақ, 5 сквер, 2 аллея салынып, оған қоса қайта жаңғырту жұмыстарының арқасында 21 саябақ жаңарды. Жалпы облыс аумағында ауданы 300 гектарға жуық 132 жасыл аумақ бар оның 66-сы - саябақ, 35-і сквер, 31-і аллея.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Жұмабай Мұсабеков,

сол сияқты фотогсуреттерді Ескелді ауданының әкімдігі ұсынды