Президент Жолдауын жүзеге асыру: Жетісу облысында «Адами капитал – ел дамуының тірегі» тақырыбында брифинг өткізілді

Президент Жолдауын жүзеге асыру: Жетісу облысында «Адами капитал – ел дамуының тірегі» тақырыбында брифинг өткізілді

Талдықорғандағы Б. Құранбек атындағы Журналистер үйінде Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауының негізгі тақырыптарының бірі адами капиталды дамыту жөнінде брифинг өткізілді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Брифинг барысында облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов өңірдегі адами капиталды дамыту шараларына тоқталып, әсіресе білім беру, дене шынықтыру және спорт салаларына басымдық берді.  

- «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында кадр тапшылығын азайту мақсатында облыстық әкімдік пен салалық ведомстволардың бірлесуімен «Өңірлік жаңа мамандықтар атласы» әзірленіп, соның нәтижесінде 11 колледжде 14 жаңа мамандық ашылды. Талдықорғанда халықаралық стандарттарға сай «Zhetysu Skills» орталығы салынады. Бұл орталықта заманауи құрал-жабдықтарды пайдалана отырып, студенттер 12 бағыт бойынша халықаралық және республикалық «Worldskills» кәсіби чемпионаттарына қатысуға дайындық жүргізеді, - деді Д. Есдәулетов.

Спикердің айтуынша, кәсіби оқытумен қатар орта білім беруге де көп көңіл бөлінуде. «Келешек мектептері» ұлттық бағдарламасы аясындағы құрылыс нысандарымен бірге, білім беру мекемелерінің күрделі жөндеуі мен пән кабинеттерін заманауи құралдармен жабдықтау жұмыстары белсенді жүргізіп, 1-4-сынып оқушыларын тегін тамақтандырудың тиімді жүйесі жолға қойылды. Мектепке дейінгі білім беру саласында қаржыландыру мен балаларды тіркеудің жаңа моделі енгізілуде. 2025 жылдың мамыр айынан Талдықорған қаласындағы барлық балабақшалар ваучерлік қаржыландыруға көшті. Бұл жүйе қаржы бөлінісінің ашықтығын және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды қамтамасыз етеді, оған қоса бұл механизм ата-аналардың балаларын кезекке қоюда, басқа балабақшаға ауыстыруда және басқа да қызметтерде өзінің қолайлылығын көрсетіп отыр.  

Дене шынықтыру мен спорт – дені сау ұлт қалыптастыруда маңызды саланың бірі. Сондықтан бұл салада ауылдағы спорттық нысандардың құрылысын жүргізуге, жаңа секциялар ашуға, спорт мектептерін дамытуға ерекше назар аударылуда. Мәселен, соңғы үш жылда өңірде 32 жаңа спорт кешені салынған, ал спортпен тұрақты айналысатын жетісулықтардың саны 42 % құрады. Сол сияқты облыста басымдық берілетін 29 спорт түрі анықталды, солардың қатарында 11 олимпиадалық, 2 паралимпиадалық және 13 ұлттық спорт түрі бар. Бұқаралық спорттың сәтті жүзеге асырылған жобаларының бірі – баскетбол, волейбол және футболдан өтетін «J-LEAGUE» жуық уақытта жалғасын табады.

Баспасөз мәслихатының соңында Диас Есдәулетов журналистер сұрақтарына жауап берді.    

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Александр Склабовский,

сол сияқты фотосуреттер облыс әкімі баспасөз қызметінің архивінен алынды.