Жетісу облысында дәнді дақылдарды жинау жұмыстары аяқталуға жақын. Бүгінгі күні бұл дақылдардың 215 мың гектардан астамы немесе 92 % жиналды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 510,7 мың гектар болса, оның ішінде дәнді дақылдар – 276,3 мың гектар.
- Дәнді дақылдарды жинау шілде айында басталды, науқанға шамамен 11 мың трактор мен ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды. Жалпы биылғы жылы 711,4 мың тонна астық, соның ішінде 400 мың тонна дәнді масақты дақылдар жиналады деп жоспарлануда. Бүгінге дейін 215,4 мың гектар дәнді масақты дақыл жиналды, бұл жоспардың 92% құрап отыр. Орташа өнімділік гектарына 17,4 центнерден айналды, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бақтияр Шампиков.
Диқандар егін жинау жұмыстарының белгіленген жоспарға сай қарқынды жүріп жатқанын айтады. Бұл ретте мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың маңызы зор. Мәселен, «Кең дала» бағдарламасы аясында көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 14,3 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда 318 өтінім қабылданып, шаруаларға 7,3 млрд. теңге көлемінде несие берілген. Сонымен қатар өңірде өсімдік шаруашылығын қолдауға 12 млрд. теңгеден астам субсидия қарастырылған. Соның арқасында шаруашылықтарда қолданылған минералдық тыңайтқыш көлемі 47,5 мың тоннаға жетті. Күзгі егін жинау науқанына қажетті 7 мың тонна дизель отыны арзандатылған бағамен ұсынылды. Бұдан бөлек, 421 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы лизингіге сатып алынып, жыл соңына дейін тағы 386 техника жеткізіледі деп күтілуде.
Кербұлақ ауданы Қоғалы ауылдық округіндегі «Ақмарал» шаруа қожалығының агрономы Жармұхамбет Шағатаев науқан барысы туралы пікірін білдірді:
– Шаруашылықтың егістік алқабы 2,5 мың гектарды құрайды. Қазіргі уақытта 1800 гектар жаздық бидай жиналды, енді 700 гектар арпаны жинауымыз керек. Биылғы жылы бидайдың шығымы 13–14 центнерден айналса, арпаның орташа өнімділігі 10 центнер болып отыр. Кейбір жерлерде арпа 15–17 центнерге дейін жетті. Биылғы жыл құрғақ болғанымен, Қоғалының құнарлы жерінің арқасында өнім жақсы шықты. Егер ауа райы қолайлы болса, жинау жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтаймыз деп отырмыз. Оның үстіне техника жеткілікті, жартысы – лизингіге сатып алынған жаңа техника, – деді ол.
Кербұлақ ауданында дәнді дақылдар 95,2 мың гектардан астам алқапқа егілген, ал жалпы егіс көлемі шамамен 114 мың гектар. Қазіргі кезде күздік және жаздық бидай, арпа секілді дақылдарды қоса алғанда, егіннің 83,7 % жиналды. Ал сұлы толық жиналып бітті. Мал азығын дайындау жұмыстары да жалғасып жатыр. Жоспарланған 313 мың тонна мал азығының бүгінге дейін 250,1 мың тоннасы жиналды.
Аудан диқандары келер маусымға қажетті сапалы тұқым қорын дайындауға да қазірден қамданып отыр. Жалпы көлемі 11,5 мың тонна тұқым сараптамадан өтті, оның басым бөлігі І және ІІ сыныптарға жатқызылған. Егін жинау науқанына тартылған 400-ден астам ауыл шаруашылығы техникасы толықтай дайын. Сонымен қатар күзгі дала жұмыстарына қажетті жанар-жағармай мен тыңайтқыштар тұрақты түрде жеткізіліп отыр.
Атап өтсек, жалпы Жетісу облысында биыл агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға 41,7 млрд теңге бағытталды, соның 24,1 млрд. теңгесі – субсидиялар. Сондай-ақ жыл басынан бері пайдаланылмай жатқан 86,3 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекеттік қорға қайтарылды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Дмитрий Ерофеев