Текелі қаласында ірі жылыжай қайта жанданады

Текелі қаласында ірі жылыжай қайта жанданады

 Жетісу облысының Текелі қаласында ірі жылыжай кешені келесі жылы күзде іске қосылмақ. Бұл туралы Текелі қаласы тұрғындарымен кездесуі барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысының айтуынша, ұзақ жылдан бері тоқтап тұрған «Green House – Зеленый дом» жылыжай кешенін жандандыру мақсатында инвестор тартылуда, жобаның құны - 4,5 млрд. теңге. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр, қазан айында сараптамасы алынады. Пайдалы алаңы 5,6 га болатын жылыжай келесі жылы күзде іске қосылады. Соның нәтижесінде 8700 тоннадан астам қияр мен қызанақ өсіріліп, 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

- Осы жобаны қайта іске қосу ісімен екі жыл көлемінде айналыстық. Нәтижесінде жаңа инвестор табылды, енді жобаны жүзеге асыру жұмыстары басталады. Жылыжай жұмысы жанданғанда халықты қиярмен және қызанақпен жыл бойы үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Кезінде Текелінің қияры Жетісу өңірінде ғана емес, бүкіл ел көлемінде белгілі болған. Сол даңқын қайта қайтаруымыз керек, - деді Б. Исабаев Текелі қаласы тұрғындарымен кездесуі барысында.

Атап өтсек, 7 айда қалаға 26,3 млрд. теңге инвестиция тартылды, яғни былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,2 есе өсім бар. Тартылған инвестициялардың 92%-ы немесе 24 млрд. теңгесі жеке инвестициялар есебінен. Ал аталған мерзімі ішінде қалада өнеркәсіп саласында 18 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді.  

Сондай-ақ Текеліде 1600-ден астам жұмыс бизнес субъектісі жұмыс істеп тұр, онда 4 мың адам жұмыспен қамтылған.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

Фототілші: Жеңіс Ысқабай

және суреттер облыс әкімінің баспасөз қызметінің архивтен алынған