Жетісудың Текелі қаласында жыл соңына дейін туристерге арналған ақпараттық визит-орталық ашылады

Жетісудың Текелі қаласында жыл соңына дейін туристерге арналған ақпараттық визит-орталық ашылады

Туристік инфрақұрылымды дамыту аясында жыл соңына дейін Текелі қаласында визит орталығы ашылмақ. Бұл туралы бүгін қала тұрғындарымен кездесу барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысы өз сөзінде Текелі қаласының маңында орналасқан «Бұрқанбұлақ» сарқырамасының туристік әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, биыл сарқырамаға баратын жолды жаңғырту жұмыстары басталғанын жеткізді.

- Жол жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін туристер легі артып, «Бұрқанбұлақ» өңірдің танымал көрікті орындарының біріне айналады деп күтілуде. Жалпы, Текелінің табиғи-рекреациялық әлеуеті туризмді дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Сондықтан туристік инфрақұрылымды дамыту аясында жыл соңына дейін қалада демалыс орындары мен туристік қызметтер туралы ақпарат беретін визит орталығы ашылады, - деді Б. Исабаев.

Бұдан бөлек, биыл жеке кәсіпкерлер қонақүй, сол сияқты жылына 50 мың келуші қабылдай алатын спорттық-туристік кешен құрылысы жобаларын іске асыруда.

Атап өтсек, Текеліде 21 демалыс орны жұмыс істейді, онда биылғы жылдың бірінші тоқсанында 3 мың келушіге 88 млн. теңгеге ақылы қызмет көрсетілген.

Жалпы, Жетісу облысына өткен жылы 2 млн. турист адам келген, яғни алдыңғы жылмен салыстырған 11,1 % өскен.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотосуреттердің авторы: Жеңіс Ысқабай және бірқатар фотосуреттерді Текелі қаласының әкімдігі ұсынды