Жетісу облысы Текелі қаласында қоқыс қалдықтарын өңдеу мәселесі қолға алынды

Жетісу облысы Текелі қаласында қоқыс қалдықтарын өңдеу мәселесі қолға алынды

Жетісу облысының Текелі қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Мәселен, соңғы үш жылда 15 көп қабатты үйдің шатырына, 8 тұрғын үйдің қасбеті жаңартылды. Сол сияқты тұрмыстық қатты қалдықтарды қоймалау мен қайта өңдеу мәселесі де шешілуде. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Текелі қаласының тұрғындарымен кездесуі кезінде айтылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Қалада «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында орталық алаң мен саябақ және арбатты жөндеу жұмыстарына бюджеттен қаржы қарастырылды. Осы орайда «АСПМК-519» серіктестігі өз қаражатынан демеушілік көмек ретінде 50 млн. теңге бөлді. Бұл демеушілік қаржыға серіктестік балалар ойын алаңын, шағын архитектуралық формалар орнату және жарықтандыру жұмыстарын аяқтады. Жалпы, мұндағы абаттандыру жұмыстары әкімдік тарапынан келесі жылы мамыр айында аяқталады.

Сонымен қатар қалада 27 балалар ойын және спорт алаңдары салынып жатыр, соның  ішінде «Достық», «Металлург» шағын аудандарында 2 балалар ойын алаңы қолданысқа берілді, қалған 25-інің құрылысы қараша айында толығымен аяқталады. Қаланың шағын аудандарындағы көп қабатты үйлердің 10 ауласы жөнделіп, соның 2-уі биыл, 8-і келесі жылы бітеді. Сол сияқты биыл 7 көп қабатты үйдің шатыры жөнделіп, 8 үйдің қасбеті жаңартылды. Қаланың 31 көшеде жарықтандыру тіректері орнатылып жатыр. Жұмыстар келесі жылдың көктемінде аяқталады.

- «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы көркейту жұмыстарын одан әрі де жалғастырамыз. Келесі жылға тағы 10 үйдің ауласын, 15 үйдің қасбетін, 15 үйдің шатырын жаңарту жоспарланған. Қала әкіміне абаттандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлуді тапсырамын, - деді облыс басшысы.

Тағы бір экологиялық мәселе, Текелі қаласында тұрмыстық қалдықтарды сақтайтын полигон жоқ, тек уақытша қойма қарастырылған болатын. Осы мәселені шешу мақсатында Талдықорған қаласында қалдықтарды қайта өңдеу кешенін салу жоспарланып отыр.

- Зауыт жылына 120 мың тонна көлемінде Талдықорған қаласы және жақын маңдағы Текелі қаласы, Ескелді, Көксу аудандарының қоқыс қалдықтарын кәдеге жаратып, қосымша электр мен жылу энергиясын өндіретін болады. Электр қуаты – 5 МВт/сағ, жылу қуаты – 15 Гкал/сағ, 70 жұмыс орны ашылады. Құрылысы келесі жылы іске асырылады. Аталған жоба жүзеге асырылғаннан кейін Текелі қаласының аумағындағы қалдықтар қайта өңдеу үшін Талдықорғанға жеткізіледі. Осылайша, бұл өзекті мәселе толықтай шешімін табады, - деді Б.Исабаев.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттердің авторы: Жеңіс Ысқабай және бірқатар фотосуреттерді Текелі қаласының әкімдігі ұсынды.