Жаңа оқу жылында Жетісу облысында 3 білім нысаны күрделі жөндеуден кейін есігін айқара ашты. Жалпы оқушы орны 2300-ден асатын бұл мектептерге күрделі құрылыс алғаш рет жүргізілді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Соның ішінде Қаратал ауданы Тастөбе ауылындағы Жамбыл атындағы мектептің ашылуына арнайы барған облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов өңірде 6 жаңа мектептің құрылысы мен 8 білім мекемесінің күрделі жөндеуден өтіп жатқаны туралы айтты.
- «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында былтыр Панфилов ауданының Жаркент қаласында 1200 орындық мектеп ашылса, биыл осы жобамен Алакөл ауданының Достық ауылында 600 орындық мектеп іске қосылады. Сонымен қатар 6 жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде, соның 3-еуі биыл қолданысқа беріледі. Атап айтқанда, жуырда Панфилов ауданының Талды ауылында мектеп ашылды, ал Ақсу және Кербұлақ аудандарында екі жаңа мектеп іске қосылады, - деген облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов мұғалімдер мен оқушыларды, ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
- Жамбыл атындағы мектеп ғимараты 1980-жылдардың ортасында салынған. Ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, күрделі жөндеу алғаш рет жасалып отыр. Тұрғындар осы күнді асыға күтті. Мектеп заманауи жабдықтармен толықтай қамтылған. Физика кабинеті жаңа зертханамен жабдықталып, STEM кабинеті ашылды. Өзім осы мектепте 30 жыл еңбек еттім. Мектептің жаңарып, білім алуға қолайлы жағдай жасалғаны - бәріміз үшін үлкен мереке. Жаңа оқу жылында оқушылар мен мұғалімдерге тек сәттілік тілеймін, - деп пікірін білдірді Тастөбе ауылының тұрғыны, білім беру саласының ардагері Мырзахан Жебегенов.
Осы күні сонымен қатар Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылындағы орта мектеп пен Ақсу ауданының Жансүгіров ауылындағы Қ. Сатпаев атындағы орта мектеп-гимназиясының ғимараты да жөндеуден кейін жаңарып, қолданысқа берілді. Атап өтсек, 1950-1960 жылдары салынған бұл мектептерде де күрделі жөндеу алғаш рет жүргізіліп отыр. Жалпы аталған үш мектепте биылғы оқу жылында 1800-ге жуық бала оқиды.
Қарабұлақ ауылындағы орта мектептің 11 «а» сынып оқушысы Еспебаева Балжан:
- Мен мектебіміздің президентімін. Биыл мектеп қабырғасындағы соңғы жылымда жаңа ғимаратта оқитыныма қуаныштымын. Мектебіміз жөндеуден кейін жаңа, әдемі бола түсті. Құрбы-құрдастарыма он бірінші сыныпта жақсы оқып, үлкен жетістіктерге жетуіне тілектеспін, - деді ол.
Жалпы алғанда, жаңартылған үш мектеп те заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мектептерде пәндік кабинеттер, ІТ-сыныптар, спорт және акт залдары, кітапханалар мен зертханалар, ашық стадион, сапалы білім беруге, тиімді оқу үдерісін ұйымдастыруға қажетті барлық жағдайлар қарастырылған.
Биыл Жетісу облысында 315 жалпы білім беретін мектепте шамамен 131 мың оқушы білім алады, соның 11 514-і бірінші сынып оқушысы.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотосуреттердің авторы: Жұмабай Мұсабеков, Серік Қантаев, сондай-ақ суреттерді Ақсу ауданының әкімдігі ұсынды.