Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай Жетісу облысында бірқатар жаңа нысандар іске қосылды. Мәселен, Көксу ауданында «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екі бірдей фельдшерлік-акушерлік пункт қолданысқа берілсе, Алакөл ауданында жаңа медициналық пункт іске қосылды. Сол сияқты Көксу ауданында «Жанұя» отбасын қолдау орталығы, Панфилов ауданында күрделі жөндеуден кейін ауылдық мәдениет үйі, Алакөл, Көксу, Панфилов аудандарында жаңа балабақшалар есігін айқара ашты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Көксу ауданының Бесқайнар және Жетіжал ауылдарының тұрғындары бір күнде қатар қуанышқа кенелді. Бірінде 641 адам, екіншісінде 983 адам тұратын қос ауылда екі бірдей жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, іске қосылды. Бұған дейін аталған елді мекендерде бейімделген, ескі ғимараттарда қызмет көрсетіп келген медицина қызметкерлері енді су жаңа нысанға көшті. Екі нысанның әрқайсысында 2-ден орта буын медицина маманы жұмыс істейді.
- Бұрын біз 1968 жылы салынған тозығы жеткен ғимаратта отырғанбыз. Бүгін, міне, халықтың игілігіне жаңа нысан беріліп отыр. Мұнда тұрғындарға алғашқы санитарлық медициналық көмек көрсетіледі. Атап айтқанда аурудың алдын алу, скринингтік бағдарламаларды ұйымдастыру, балаларға, жүкті әйелдерге патронаж жүргізу, профилактикалық екпелер салу, тұрғындар арасында санитарлық ағарту жұмыстарын жүргізу міндеттерін атқарамыз. Бекітілген кестеге сәйкес аптасына 1-2 рет Зылиха Тамшыбаева атындағы ауылдың дәрігерлік амбулаториясынан дәрігер келіп қабылдау жүргізеді. Жаңа, жайлы, барлық жағдай жасалған ғимараттың қолданысқа берілуі өз кезегінде медициналық қызмет көрсету сапасына оң әсерін тигізеді, - дейді Бесқайнар ауылындағы ФАП фельдшері Қаламқас Жексенбинова.
Ал Алакөл ауданы Төңкеріс ауылындағы жаңа блокты-модульді медициналық пункт күніне 15 адамды қабылдауға қауқарлы. Ауыл тұрғындары жаңа нысанның ашылуын өмір сапасын жақсартуға, сапалы медициналық қызметке қолжетімділікті арттыруға бағытталған маңызды қадам деп біледі.
Ал Панфилов ауданы Тұрпан ауылындағы мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары өткен жылдан бері жүргізілген болатын. Жаңа кейіпке енген екі қабатты ғимаратта ауылдық кітапхана да орналасқан. Мәдениет үйінде өнердің түрлі бағыттарын қамтитын сегіз үйірме жұмыс жасамақ. Сонымен қатар қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырып, рухани демалыс өткізуге арналған орын ретінде тұрпандықтар үшін мәдениет үйінің маңызы зор.
- Өзім осы ауылдағы Сатай батыр атындағы мектепте музыка пәнінен сабақ бердім, қазір зейнеткермін. Ауылдағы мәдениет үйі тозғандықтан ұзақ жылдан бері пайдаланылмай тұрды. Сондықтан мәдени іс-шаралар өткізуде біршама қиындықтар болды. Енді, міне, ескі ғимаратқа күрделі жөндеу жасалып, жаңарып, пайдалануға беріліп отыр. Ауылдың мәдени өмірі жанданатын болды. Осы жаңа ғимаратта домбыра, би, басқа да үйірмелер ашылып, балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасалатыны, жастардың бос уақытын пайдалы өткізетіні қуантады, - ауыл тұрғыны Жамал Есенова.
Мереке қарсаңында жұмысын бастаған тағы бір жаңа нысан - Көксу ауданындағы «Жанұя» отбасын қолдау орталығы. Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларын анықтау мен оларға қолдау көрсету мақсатындағы мұндай орталықтар облыстың аудан-қалаларында 2023 жылдан бері ашыла бастаған болатын. Яғни бұл орталық - өңірдегі осындай 9-шы нысан. Бұған дейін биыл «Жанұя» орталығы Ескелді ауданында ашылса, алдағы уақытта Ақсу ауданында ашылады деп жоспарланған. Жалпы, жыл басынан облыстағы «Жанұя» отбасын қолдау орталықтарына 161 отбасының 408 мүшелері тіркеліп, оларға психологиялық және әлеуметтік көмектер жан-жақты беріліп, қажетті қолдау түрлері көрсетілген.
Сондай-ақ Алакөл ауданы Үшарал қаласында, Панфилов ауданының Үшарал ауылында және Көксу ауданы Көксу станциясында жалпы саны 375 орынды үш балабақша жұмысын бастады.
Осындай жұмыстардың арқасында өңірде әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының жаңару деңгейі жыл соңына дейін 55,8%-ға жетеді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттердің авторы: Жұмабай Мұсабеков және фотосуреттерді қала-аудан әкімдіктері ұсынған