Жетісу облысында «Талдықорған – Үштөбе» автожолы реконструкцияланып, кеңейтіледі. Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың Қаратал ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында айтылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, өңір басшысының тапсырмасына сәйкес облыстық маңызы бар аталмыш автожолды реконструкциялаудың жобалық-сметалық құжаты әзірленетін болады. Жоспарға сай жөндеу жұмыстары 0-22 км және 22-48 км аралығында екі кезеңде жүргізіледі. Атап өтерлігі, реконструкциялаудан кейін жолдың қазіргі қолданыстағы бөлігінің ені 7 метрден 9 метрге дейін ұлғайтылады.
Еске салсақ, бұл жол 2013-2014 жылдары жөнделген, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оған жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп келген.
- Жол инфрақұрылымы – халықтың тұрмысына, өңірдің экономикалық өсуіне ықпал ететін маңызды бағыт. Өткен жылы ұзақ жылдар жөндеу көрмеген облыстық маңызы бар 176 шақырым «Үштөбе-Көпбірлік» автомобиль жолы тұрғындардың өтінішіне орай толық жөнделіп, пайдалануға берілді. Ендігі кезекте елді мекендердің жергілікті маңызы бар жолдары кезең-кезеңімен жөнделетін болады, - деді Бейбіт Исабаев.
Қазіргі кездеь облыстық маңызы бар «Үштөбе-Ортатөбе» және «Үштөбе-Стрела» бағытындағы автомобиль жолдарында орналасқан көпірлерге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, құрылыс жұмыстары қараша айында аяқталуы тиіс. Сонымен қатар 9 елді мекенде жалпы ұзындығы 13,2 км болатын 19 көше жолы орташа жөндеуден өткізілуде. Қазіргі кезеңде жөндеу жұмыстары Үштөбе қаласында, Қарашеңгел, Тастөбе, Жаңаталап ауылдарында аяқталды, ал Алмалы, Бастөбе, Ортатөбе, Достық, Көкпекті ауылдарындағы жол жөндеу қараша айында толық аяқталмақ.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді Қаратал ауданының әкімдігі ұсынды.