Жетісу облысында Тамыз конференциясы аясында білім мекемелерінің 90 қызметкері марапатталды

Жетісу облысында Тамыз конференциясы аясында  білім мекемелерінің 90 қызметкері марапатталды

Жетісуда «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» облыстық тамыз конференциясы аясында өңірдегі мұғалімдер, тәрбиешілер, әлеуметтік педагогтар, білім саласының дамуына үлес қосқан басқа да саланың қызметкерлері, демеушілер мен кәсіпкерлер, басым бөлігі білім мекемелеріндегі жұмысшы мамандар – жалпы саны 90 адам марапатталды. Талдықорғанда өткен конференция жұмысына облыс әкімі Бейбіт Исабаев, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова  және өңірдің педагогтар қауымы қатысты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Облыс басшысының айтуынша, өңірде «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болған 6 педагог бар. Солардың арасында жетісулық ұстаз Ләззат Испанова күні кеше ғана Президент қолынан марапат алған болатын.

- Өркениетті, озық ел боламыз десек, ең алдымен ұстаздарға қолайлы жағдай жасап, олардың әлеуметтік мәртебесін көтеруіміз керек. Өйткені сіздер жас ұрпақты тәрбиелеп, мемлекеттің дамуына зор үлес қосып келесіздер. Осы еселі еңбектеріңіз үшін ұстаздар қауымына шынайы алғысымды білдіремін, - деген Бейбіт Исабаев бұдан әрі марапаттау рәсімін атқарды.

Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен Алакөл, Ескелді, Кербұлақ аудандары мен Талдықорған қаласының 5 педагогы, сол сияқты Жетісу облысы әкімінің Құрмет грамотасынмен Ақсу, Көксу, Сарқан, Панфилов аудандары мен Текелі қаласының 5 педагогы марапатталды.

Бұдан бөлек, облыс әкімінің және Оқу-ағарту министрлігінің алғыс хаттары білім мекемелерінде еңбек етіп жүрген 60-тан астам жұмысшы маманға, сол сияқты білім беру саласының дамуына үлес қосқан басқа саланың 20-ға жуық қызметкеріне берілді.

– Біздің колледжде жиырма жылға жуық уақыттан бері жұмыс істеп келемін. Оның он жылында тазалық пен тәртіпке жауапты болдым, ал соңғы алты жылдан бері жатақхананың коменданты қызметін атқарамын. Төрт балам бар, отбасым үнемі қолдау көрсетеді. Бүгінгі таңда мұғалімдермен қатар қарапайым еңбек адамдарының да еңбегі еленіп жатқанын көру - үлкен қуаныш. Себебі өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеуде әрқайсымыз өз үлесімізді қосып жүрміз деп ойлаймын, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатымен марапатталған Талдықорған индустриалды колледжінің жатақхана коменданты Бақытжан Әбеуова.

Талдықорған қаласындағы №2 балабақшаның аспазы Надежда Мамаева да осындай пікірде. Ол Тамыз конференциясында облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды:

– Менің аспаз кәсібіне келгеніме 30 жылдан асты, соның ішінде Талдықорғандағы №2 балабақшада жұмыс істегеніме 20 жыл. Еңбегіңнің еленгені мерейіңді өсіреді. Бүгін облыс әкімі балаларға сапалы тамақ беруді ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті. Расында бұл – ұлт денсаулығына тікелей әсер ететін жайт. Сондықтан балаларымыз дәмді әрі пайдалы тағам ішіп-жесін деп жұмысыма барынша ыждаһатты қараймын, – дейді Н.Мамасева.

Марапатталушылардың бірі алакөлдік ұстаз да өзінің жылы лебізін білдірді:

- Бүгін Тамыз конференциясына қатысып шықтық. Жиында көптеген жақсы жаңалықтар айтылды. Менің педагогикалық еңбек өтілім 38 жыл, соның 16 жылында мектепті басқардым. Ұзақ жыл бастауыш сыныптың мұғалімі болдым. Бүгін «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін алдым. Бұл мені жастарды тәрбиелеу жолында бұдан әрі де қажырлы еңбектенуге қанаттандырады, - дейді Үшарал қаласы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясының директоры Галима Хасенова.

Атап өтсек, бүгін жыл сайынғы педагогтардың Тамыз конференциясы аясында Жетісуда білім саласын дамытудың өзекті мәселелері, атап айтқанда Президенттің алға қойған білім сапасын көтеру, инклюзивті оқыту, жас ұрпақты тәрбиелеу, оларды әлеуметтік кеселдерден сақтау, саланы цифрландыру және мұғалімнің мәртебесін көтеру міндеттерін іске асыру жолдарын талқылаған болатын.  

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Жеңіс Ысқабай