Соңғы үш жылда Жетісу облысында 232 ауыл мектебінің материалдық-техникалық базасы нығайтылды

Соңғы үш жылда Жетісу облысында 232 ауыл мектебінің материалдық-техникалық базасы нығайтылды

Жетісу облысының педагогтары Мемлекет басшысы жүктеген 5 міндетке басымдық бере отырып, білім беру саласының негізгі мәселелерін талқылады. Мәселен, соңғы үш жылда 232 ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жабдықталды, сол сияқты 20 жаңа білім нысаны ашылып, 22 нысан күрделі жөндеуден өткен, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Талдықорған қаласында өткен педагогтардың «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде өңір басшысы соңғы  үш жыл ішінде білім саласына бөлінген қаражат көлемі артып, облыс бюджетінің 36%-ын құрағанын атап өтті. Қабылданған шаралардың басты мақсаты – білім сапасын көтеру.

- Жаңа оқу жылына білім саласының бағытын айқындап, өзекті мәселелерін талқылауға жиналып отырмыз. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы жуырда республикалық Тамыз конференциясында білім саласының дамуына серпін беретін нақты бес міндетті белгілеп берді. Соның біріншісі – білім сапасын жақсарту үшін педагогтердің пәндік құзыреттілігін жетілдіру мен біліктілігін арттырудың өңірлік бағдарламасын әзірлеуіміз керек. Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету де ерекше маңызды. Сол сияқты ауыл мектебінің әлеуетін дамытуға арналған «Ауыл мектебі - сапа алаңы» жобасын іске асыру міндеті тұр, бұл қала мен ауылдағы білім беру деңгейін теңестіруге ықпал етеді. Соңғы үш жылда 232 ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жарақтандырылды. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Ауыл мен қала оқушыларына білім алу тұрғысынан тең мүмкіндік жасалуы тиіс, - дей келе Бейбіт Исабаев облыстық білім басқармасына «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығымен бірлескен курстан кейінгі әдістемелік қолдау жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ аудандық, қалалық әкімдіктерге мектепке дейінгі біліммен қамту қадамдық жоспарын жылдың аяғына дейін орындауды тапсырды.

Жиында ұрпақ тәрбиесі мен оларды әлеуметтік кеселдерден сақтау мәселесіне ерекше назар аударылды. Мәселен, соңғы екі жылда 108 мектепте әдеп-құқық жұмыс жөніндегі ментор штаты енгізілді. Облыста психологиялық қолдау орталығы ашылды. Биыл іске асырыла бастайтын «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында  іс-шара жоспарлары әзірленіп, бұл іске ата-аналарының комитеттері тартылатын болады.

Сол сияқты басқосуда білім беру үдерісіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жедел енгізу мүмкіндіктері талқыланды.

Өңірде барлық орта мектептер интернет желісіне қосылған. Биыл интернет жылдамдығы төмен 43 мектеп «Starlink» технологиясы арқылы жоғары жылдамдықты интернетке қосылды. Барлық білім беру ұйымдары цифрлық білім беру платформаларын пайдаланады. Мектептерде 734 жаңартылған заманауи оқу кабинеті жұмыс істеп тұрса, биыл тағы 70 заманауи оқу кабинетін сатып алу жоспарланып отыр. Білім беру үдерісін қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Талдықорған қаласындағы барлық мектепке дейінгі ұйымдар мен 100 мектепте «Әлеуметтік әмиян» жүйесі арқылы ваучерлік қаржыландыру енгізілді.

Сол сияқты мұғалімдердің мәртебесіне арттыру мәселесі де сөз болды.

Атап өтсек, еңбек нарығының қажеттілігіне қарай сұранысқа ие мамандықтарға соңғы үш жылда жергілікті бюджеттен 300-ден астам білім беру гранты бөлінсе, оның 104-і педагогикалық мамандыққа берілді.

- Білім мекемесіндегі әрбір күн - жай ғана жұмыс емес, үлкен жауапкершілік. Себебі оқушыға айтылған бір ғана жылы сөз, шабыт сыйлаған бір ғана сәт оның бүкіл өмірін өзгертуі мүмкін. Сіздер тек балаларға білім беріп қана қоймай, оларды жеке адам ретінде қалыптастырып келесіздер. Сондықтан болашақты жасауда, әлемді өзгертуде мұғалімнің рөлі үлкен. Бұл ретте біз сіздермен ортақ мақсатта – жас ұрпақтың амандығы мен білімді болуы үшін бірлесе еңбек етеміз деп сенемін. Облыста білім саласын дамытуға бағытталған нақты шаралар жалғаса береді, - деді Б. Исабаев.

Осы күні Б. Римова атындағы драма театр фойесінде білім саласындағы қолға алынған жобалар мен жеткен жетістіктер таныстырылған көрмені облыс әкімі Бейбіт Исабаев тамашалап, жоба иелерімен тілдесті. Бұл ретте менторлық жобаға, психологиялық қызметті ұйымдастыру, білім саласын түрлі бағытта цифрландыру жобалары, соның ішінде кәсіптік бағдар, материалдық-техникалық базаны нығайту, оқу процесіне жасанды интеллектіні енгізу де қамтылды.

Атап өтсек, Жетісу облысында 15 мыңнан астам педагог жұмыс істейді. Биылғы жылы жетісулық 462 түлек мектепті «Алтын белгіге» бітірді. Жалпы соңғы жылдарда өңірдің 243 оқушысы халықаралық олимпиада мен ғылыми конкурстарға қатысып, 43 алтын, 60 күміс, 140 қола медаль иеленді.

– Конференция сәтті өтті деп есептеймін, алдағы оқу жылына алдымызға өзекті міндеттер қойылып, оларды шешу жолдары талқыланды, сондай-ақ облыстағы білім беру жүйесін дамытуға бағытталған шаралар сөз болды. Атқаратын жұмыс аз емес, дегенмен күш-жігерімізді біріктіру арқылы міндетті лайықты атқарамыз деп сенемін. 2022 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын алдым. Бұл – менің педагогикалық қызметіме берілген жоғары баға әрі үлкен жауапкершілік. Сол сенімді ақтау үшін бар күшімді салып еңбек етіп келемін. Сала ардагері ретінде 39 жылдық еңбек өтілім бар, қазіргі таңда да жұмысымды жалғастырып, өскелең ұрпақты тәрбиелеп, оқытып келемін. Жас мамандарға білгенімді үйретіп, жылдар бойы жинақтаған тәжірибеммен бөлісіп жүрмін, – дейді пікір білдірген конференцияға қатысушы Көксу ауданы Қ. Жалаири атындағы орта мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жанар Сыдықжанова.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотограф: Жеңіс Ысқабай