2024 жылы Жетісу облысында мал басы 2022 жылмен салыстырғанда 8,1%-ға артты, ал биылғы жылдың бірінші жартысында мал саны шамамен 2,7 миллион басқа жетті. Аталған кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 4,2%-ға ұлғайды. 2025 жылдың алғашқы 6 айында 46,6 мың тонна ет пен 104,2 мың тонна сүт өндірілді, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Биыл егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде өңірде ауыл шаруашылығы дақылдары 510,7 мың гектарға себілді. Әсіресе қант өндірісінің дамуына ерекше көңіл бөлінуде.
Өткен жылы облыста қант қызылшасынан рекордтық өнімі жиналып, өңірдегі екі қант зауыты 67 мың тонна қант өндірді. Биыл тәтті түбірдің егіс алқабы 12,1 мың гектар, болжам бойынша осы алқаптан 540 мың тонна қызылша жиналады деп күтілуде, одан жалпы 78 мың тонна қант өндірілуі тиіс, оның 54 мың тоннасы қызылшадан, 24 мың тоннасы қамыс құрағынан алынады. Атап өтсек, қызылша өндірісі саласында 593 шаруашылық жұмыс істейді, онда шамамен 4800 адам еңбек етуде.
– Жетісу облысында қант қызылшасының егіс алқаптарының көлемі жылдан жылға ұлғайтылып келеді. Қызылша өсіруге ден қойып, алқапты ұлайтып жатқандардың қатарында біз, Ақсу ауданының шаруашылықтары да бармыз. Қызылша өсіру – еңбекқорлықты қажет ететін жұмыс болғанымен, бүгінде оны өсіру өте тиімді болып отыр. Бұл дақылдың тұқымына берілетін субсидия көлемі артты, зауыттар да сатып алу бағасын көтерді. Ақсудағы қант зауытының өнім қабылдау көлемін ұлғайтуы да жағдайды оңалтуға септігін тигізді. Биылғы маусымда әр гектардан 100 тоннадан астам өнім жинаймыз деп жоспарлап отырмыз, біздің шаруашылықта бұрын-соңды мұндай толымды өнім болмаған еді. Бұл біз үшін – нағыз рекорд. Өзім қант қызылшасын өсірумен 2018 жылдан бері айналысып келемін, осы ретте айтарым – технологиялық процестерді қатаң сақтап, алқапқа жақсы күтім жасаса, жоғары нәтижеге қол жеткізуге әбден болады, – дейді Ақсу ауданына қарасты «Жаныс-К» ЖШС шаруа қожалығының директоры Ғалбият Самарқанұлы.
Егіс алқаптарын суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесі де жіті бақылауда.
Өңірде ирригациялық жүйелерді қалпына келтіруге бағытталған 11 жоба жүзеге асырылуда. Олардың ішінде былтыр 5 нысандағы жұмыстар аяқталып, 4,8 мың гектар суармалы жер қайта айналымға қосылды. Қалған 6 жобаны іске асыру нәтижесінде 5,3 мың гектар жер айналымға енгізіліп, жалпы 30,9 мың гектар суармалы алқап қалпына келтірілмек.
Жалпы, 2022-2024 жылдар аралығында облыс аумағында пайдаланылмай жатқан 1,2 млн гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды, оның 712,0 мың гектары ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді.
Сондай-ақ 2025 жылдың бірінші жартысында Жетісу облысында экономиканың негізгі салаларында, соның ішінде ауыл шаруашылығында да оң динамика сақталып отырғанын атап өткен жөн. Агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға биыл 40,7 млрд теңге бағытталды, оның 23,1 млрд теңгесі немесе 56,8%-ы субсидия түрінде бөлінді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттер облыс әкімі баспасөз қызметінің архивінен алынды.