Жетісу облысында жыл соңына дейін газға қосылуға мүмкіндік алған тұрғындар саны 500 мыңнан асады

Жетісу облысында жыл соңына дейін газға қосылуға мүмкіндік алған тұрғындар саны 500 мыңнан асады

Жетісу облысы құрылғанға дейін небәрі 5 елді мекен газдандырылып, халықты қамту деңгейі 24% ғана болған. Ал соңғы үш жылда қабылданған шаралардың арқасында Панфилов ауданын қоса алғанда Кербұлақ ауданынан Талдықорғанға дейінгі 126 елді мекеннің 84-і газдандырылып, газбен қамту көрсеткіші 58,2%-ға жетті, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, газдандыру - облыс басшылығы қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Осыған орай 2025 жылдың соңына дейін Кербұлақ ауданынан Талдықорғанға дейінгі газдандыруға жататын 126 елді мекен толық газбен қамтылмақ. Соның нәтижесінде 500 мыңнан астам тұрғын, яғни облыс халқының 71,4%-ы газға қол жеткізеді.

Оған қоса өткен жылы өңірде «Талдықорған - Үшарал» газ құбырының құрылысы басталды, бұл жұмыстар 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Осы жобаны іске асыру нәтижесінде газдандыруға жататын барлық 192 елді мекен толықтай газбен қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде 624 мыңнан астам тұрғынның, яғни облыс халқының 92%-ының газға қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, елді мекендерге көгілдір отынның жеткізілуі халықтың өмір сүру деңгейін айтарлықтай жақсартты.

– Орталық газ жүйесін тарту – бұл заманауи өркениеттің игілігі. Қазір облыс орталығында да, қала маңындағы саяжайларда да бұрынғыдай ағашпен, көмірмен, соляркамен жылытатын пештер өткен күннің еншісінде қалды. Бұрынғыдай жыл сайын күзде көмір сатып алуға қоймаларда кезекке тұрудан құтылдық. Үйіміз газбен жылытылады, бұл біз үшін жайлы әрі ыңғайлы. Мемлекет тарапынан халыққа қолайлы жағдай жасалып отыр, соның ішінде саяжай тұрғындарын да ұмыт қалдырмағаны қуантады, - дейді Талдықорған қаласындағы «Үйтас» саяжайының тұрғыны Лидия Емельяненко.

Сумен қамту мәселесіне келсек, қазіргі таңда өңірдегі 356 елді мекеннің 325-і немесе 91,3%-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген.
2022-2024 жылдар аралығында 24 нысан пайдалануға берілсе, биылғы жылдың соңына дейін тағы 10 нысанды іске қосу жоспарланып отыр, соның нәтижесінде елді мекендерді қамту деңгейі 92,4%-ға, ал халық саны бойынша 99,9%-ға жететін болады.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттер облыс әкімі баспасөз қызметінің архивінен алынды.