Жетісу облысы құрылғаннан бергі үш жыл ішінде өңір аумағында жаңадан 11 саябақ, 5 сквер және 2 аллея салынған. Ал биыл оған қоса жалпы аумағы 11.3 га болатын тағы 7 жасыл аумақ жасалады. Олар Ескелді, Көксу, Алакөл, Қаратал аудандары мен Талдықорған қаласында. Елді мекендерді абаттандыру шаралары «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында қолға алынып отыр, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Көгалдандыру шараларымен қатар жасыл желекті суару жүйесін жүргізу де қарастырылуда, яғни жаңа саябақтарда, скверлер мен аллеяларда автоматты суару, арық жүйесімен насос қондырғылары арқылы суару және қажет жағдайда тасымалдау көлігі арқылы суару жүзеге асырылмақ.
Мәселен, Талдықорған қаласында саябақ пен сквер құрылысы аяқталуға жақын. Атап айтқанда, «Құлагер» шағын ауданындағы саябақтың құрылысы тамыз айының аяғында, ал «Бірлік» шағын ауданындағы сквердің құрылысы қыркүйек айының соңына дейін бітеді деп күтілуде.
- Саябақтың аумағы 1,2 гектарды құрайды. Автоматты суару жүйесінің жұмысын тексеру-іске қосу, газон төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Ағаштар күзге қарай егіледі. Қазір саябақта балалар ойын және спорт алаңы, футбол алаңы, әткеншектер мен орындықтар қойылған демалыс алаңы орнатылған. Сол сияқты жаяу жүргінші жолдары, веложолдар, жарық шамдары, басқа да абаттандырудың заманауи элементтері қарастырылған, - дейді дейді Талдықорған қалалық ТҮКШ бөлімінің коммуналдық сектор меңгерушісі Рамиль Рахымбаев.
Жергілікті тұрғындар саябаққа қазірден-ақ келе бастаған.
- Талдықорған өзінің ықшамдығымен, тазалығымен, жасыл желегімен ерекшеленеді. Облыс құрылғаннан бері осы қалада тұратын. Қаламыздың жылдан жылға гүлденіп келе жатыр. Мұнда тұтатын адамдардың жүзі жылы, жайдары. Талдықорғанда тұрғын үйлер, көптеген жаңа ғимараттар бой көтерді. «Таза Қазақстан» бағдарламасының арқасында көгалдандыруға көп көңіл бөліне бастады. Мысалы, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы әрі жайлы жағдай жасау мақсатында жаңа шағын ауданда жаңа саябақ салынып жатыр. Осыған байланысты біз де маңайымызды тәртіпке келтіріп, таза ұстауымыз керек, - дейді Айзат Жанболатқызы.
Атап өтсек, облыс көлемінде жалпы аумағы 296,3 га болатын 132 саябақ, сквер, аллеялар бар. Бұл ретте облыс аумағында биылғы көктемгі кезеңде 56 500-ге астам ағаш отырғызылды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотосуреттер Жұмабай Мұсабековтікі және облыс әкімі баспасөз қызметінің архивінен алынды.