Алакөл ауданында су желілерінің 61,4 % жөнделеді

Алакөл ауданында су желілерінің 61,4 % жөнделеді

Алакөл ауданында 1242-ден астам шақырым суару желілері бар болса, соның 763 шақырымына, яғни 61,4 пайызына қайта жаңғырту мен құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Мұндай шаралар су шығынын азайтуға елеулі ықпал етпек. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Алакөл ауданының тұрғындарымен кездесуі кезінде белгілі болды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысының айтуынша, суару желілерін жаңғырту Ислам Даму банкінің қаржысына екі кезеңмен жүзеге асырылады. Бүгінгі күні бірінші кезеңі бойынша 510 шақырым желілердің жобасы әзірленіп, құрылыс жұмыстары биыл басталады. Соның нәтижесінде 149 канал мен 25 мың га жерге су беру жақсарады. Ал, екінші кезеңінің құрылысы 2026 жылы басталады. Оған қоса Жаманты өзеніндегі су қоймасының, Тентек өзеніндегі су торабын қайта жаңғырту жұмыстары келесі жылы жүргізіледі. 

Бір атап өтерлігі, ауданда су үнемдеу технологиясын шаруашылықтар кеңінен енгізе бастаған. Мәселен, бүгінгі күнге бұл технология 7 мың гектарда пайдаланылса, соның  700 га тамшылатып суару, 6,3 мың га жаңбырлатып суару әдісін қолданып отыр.

- Алакөл ауданында мал басы тұрақты өсіп келеді. Өткен алты айда 7,7 мың тонна ет, 16,7 мың тонна сүт өндірілді. Бұл ретте халықтың денсаулығына тікелей әсер ететін мал азығының қауіпсіздігін қадағалау аса маңызды. Сондықтан ветеринария қызметін жақсарту мақсатында өткен жылы Қарабұлақ, Теректі, Еңбекші ауылдарында модульді ветеринариялық пункт салынды. Биыл Жайпақ, Ақжар ауылдарына тұрғызылуда, тамыз-қыркүйек айында қолданысқа беріледі. Сонымен қатар ветеринар мамандардың жұмысына қажетті құрал жабдықтар мен қызметтік автокөлік, мал өлексесін өртейтін бір жылжымалы инсинератор сатып алынды. Жалпы айтқанда ветеринария саласына жан-жақты қолдау көрсетілуде. Сондықтан жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыру керек, - деді облыс әкімі Б. Исабаев өз сөзінде.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.