Жетісу облысының Алакөл көлі жағалауындағы «Алакөл - 2025» облыстық жазғы спартакиадасында 400-ге жуық спортшы бақ сынасуда. Ақши ауылындағы бұл спорттық жарыс «Спорт - діни экстремизм мен терроризмге қарсы» ұранымен өтіп жатыр, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жетісу облысы көлемінде өткізіліп отырған дәстүрлі спорттық шара - бұқаралық спортты дамытуға, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға, сондай-ақ өңір туризмнің әлеуетін танытуға бағытталған.
Ақши ауылында екі күнге созылатын спартакиадада 400-ге жуық спортшы жағажай волейболы, шағын футбол, үстел теннисі, арқан тарту сынды спорт түрлері бойынша өзара бақ сынасуда.
Жарыстар Алакөл жағалауында арнайы ұйымдастырылған алаңдарда өтуде.
Айта кетсек, жарыстың басты ерекшелігі - әр спорт жарысының табиғат аясында ұйымдастырылуы. Сондықтан да қатысушылар үшін спартакиада тек жарыс қана емес, ерекші атмосфераға толы спорттық мерекеге айналды.
Талдықорған қаласының спортшысы Нұрдана Алтайқызы:
- Біз командамызбен арқан тартыс жарысына қатысып жатырмыз. Өзім биыл бұл спартакиадаға алғаш рет келіп отырмын. Жаңажайда жарысу мүлде басқа әсер сыйлайды. Табиғатпен үндесе отырып жарысу бізге үлкен мотивация берді. Осы шараға қатысқаныма қуаныштымын, - дейді ол.
Жарыс жеңімпаздары мен үздік командалар 19 шілде күні марапатталады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.