«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Балқаш көліне апаратын жол бойында «ecoBalqash» атты экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты – демалушылар мен жолға шыққан азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыру, табиғатқа деген жауапкершілікті қалыптастыру және қоршаған ортаны таза ұстауға үндеу.
Экошара барысында екі бақылау нүктесі – start point және finish point орнатылды. Старт нүктесінде жолға шыққан демалушылар мен жолаушыларға арнайы қолғаптар мен қоқыс салуға арналған қаптар таратылды. Олар жол бойында және аялдау орындарында өз қоқыстарын жинап, Балқаш көліне жеткен соң мәре нүктесінде сол жиналған қалдықтарды тапсырып, арнайы сыйлықтарға ие болды. Нәтижесінде 50 қап қоқыс жиналып, демалыс орындарына баратын жолдар тазаланды. Экошараға «Жасыл ел» жасақтары, еңбек жасақтары, волонтерлар, эко-волонтерлар және демалушылар жалпы 250-ге жуық адам қатысты.
«Jetisy jastary» КММ директорының орынбасары Арнай Рақымберліұлы:
- Бүгінгі «ecoBalqash» экологиялық плоггинг акциясына белсене қатысып, табиғат тазалығы мен қоршаған ортаға жанашырлық танытып келген баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін. Бұл акцияның басты мақсаты – жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоғамның эко санасын оятып, табиғатқа ұқыпты қарауға үндеу. Сонымен қатар бүгінгі шара арқылы біз «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын дәріптеп отырмыз. Өйткені нағыз патриотизм – өз елінің табиғатын, ауасын, суын, жерін құрметтеуден басталады. Біз бұл жобаны бір күндік шара ретінде емес, тұрақты мәдениетке айналдыруды көздейміз. Сондықтан осындай бастамалар жалғасын табады деп сенемін, - деді.
Алматы қаласынан келген Әлия есімді демалушы : «Біз отбасымызбен Балқаш көліне демалуға бара жатқанда, жол бойындағы посттан қолғап пен қап алдық. Алғашында бұл ерікті шара екен деп ойладық, бірақ кейін оның пайдалы екенін түсіндік. Жол бойында қоқыс көп екен. Балалармен бірге тоқтап, бір-екі жерде бөтелкелер мен пакеттерді жинадық. Көлге жеткенде бәріміз жинаған қоқысты арнайы пунктке өткізіп, кішкентай сыйлық алдық, бұл балаларға ерекше мотивация болды. Шара бізге өте ұнады. Ең бастысы, балалар табиғатқа қалай қамқор болу керегін өз көзімен көрді. Осындай экологиялық акциялар жиі болып тұрса екен деймін», -деді пікірін білдіріп.
Осылайша, «ecoBalqash» экологиялық акциясы табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастырудың нақты үлгісіне айналуда. Қатысушылардың айтуынша, мұндай шаралар тек табиғатты таза ұстауға ғана емес, сонымен бірге адамдардың санасында жауапкершілік пен жанашырлық сезімін оятуға көмектеседі. Алдағы уақытта да Балқаш көліне апаратын жол бойында және Жетісу облысының басқа да туристік бағыттарында осындай экологиялық бастамаларды жиі өткізу жоспарланып отыр.
Облыстық қоғамдық даму басқармасының мәліметі бойынша