Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев облыс әкімдігінде Италия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Антонелло Де Риу мырзамен кездесті, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бейбіт Исабаев италиялық меймандарды жылы шыраймен қарсы алып, Антонелло Де Руи мырзаны Қазақстандағы елшілік қызметінің басталуымен құттықтады. Сол сияқты шетелдік делегацияға Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары жайлы қысқаша айтып берді.
– Жалпы, өңірде бес стратегиялық бағыт бойынша жұмыс жүргізілуде: агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, көлік және логистика, туризм, баламалы энергетика және өнеркәсіп, оның ішінде жер қойнауын пайдалану саласын дамыту. «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы мен «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағы табысты жұмыс істеп тұр. Бізде баламалы энергетиканы дамытуға қажетті табиғи алғышарттар - күн, жел және тау өзендерінің су ресурстары жеткілікті. Осыған байланысты жаңартылатын энергия көздері секторы біздің стратегиямыздың маңызды бөлігі саналады, – деген облыс әкімі италиялық серіктестермен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін білдірді. Сөзінің соңында өңірде инвесторлар үшін қолайлы инвестициялық жағдай жасалғанын, соның ішінде оларға заң аясында қолдау мен сүйемелдеу жасалатынын айтты.
Өз кезегінде Антонелло Де Риу екі ел арасындағы өзара тиімді серіктестікті нығайтуға мүмкіндік беретін әлеуетті деген негізгі бағыттарды атап өтті.
– Біз Талдықорған қаласындағы индустриялық аймаққа қызығушылық танытып отырмыз. Алдағы уақытта әрбір италиялық кәсіпкер Қазақстаннан өзіне іскер серіктес таба алатындай арнайы платформа құрғымыз келеді. Сонымен қатар Италияның туризм саласында сапалы қызмет көрсететін мамандар даярлауда мол тәжірибесі бар, – деді Елші.
Іскерлік кездесуді қорытындылай келе, тараптар бұл кездесу түрлі салаларда екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңызды қадамы болатынына сенім білдірісті.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотосуреттердің авторы: Жеңіс Ысқабай