Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев Жетісу облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен кездесті. Кездесуде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыты жайлы әңгіме өрбіді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс басшысымен әңгімелесу барысында «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының өкілі, Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Аян Зейнуллин, «Respublica» фракциясынан сайланған депутат, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Екатерина Смолякова, Қазақстан Халық партиясының өкілі, Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің мүшесі Ислам Сұңқар ауыл шаруашылығы, ішкі туризмді ілгерілету, инфрақұрылымды дамыту т.б. көптеген тақырыптарда сөз қозғап, пікір алмасты. Өңірдің өзекті мәселелерін шешуде өз тараптарынан қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев депутаттарға аймақты өркендету бағытында атқарылған істер мен алдағы жоспарлар жайлы қысқаша айтып берді. Соның ішінде Балқаш жағалауын дамыту, жол инфрақұрылымын жақсарту, апатты үйлер мәселесін шешу, әлеуметтік салаларға қолдау көрсету сияқты шаралар да қамтылды.
Кездесу соңында жергілікті атқарушы орган өкілдері мен Парламент Мәжілісі депутаттары өзара әріптестік байланысын нығайта отырып, өңірдегі шешімін күткен мәселелерді бірлесіп шешуге ықылас танытты.
Атап өтсек, 1 шілдеден бастап жұмыс сапарымен Жетісу облысына келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары өңірді аралап, тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен кездесуде.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді түсірген: Жеңіс Ысқабай