Бүгін 1 шілде күні Талдықорған қаласының орталық алаңында Ұлттық домбыра күніне арналған «Ұлы дала үні» атты кең ауқымды облыстық мерекелік флешмоб ұйымдастырылды. Аталған шара – халқымыздың төл өнерін дәріптейтін, мәдени сабақтастықты насихаттайтын маңызды мәдени оқиға болды. Бұл тарихи сәтте 5000 адам – кәсіби музыканттар, мектеп оқушылары, студенттер, өнер сүйер қауым – бір мезетте қос күйді орындап, ел тарихында бұрын-соңды болмаған рекордқа қол жеткізді. Аталған жетістік Қазақстан рекордтар кітабының бас редакторы Қайрат Тазабековтың қатысуымен ресми түрде тіркеліп, жаңа рекордты растайтын сертификат Жетісу облысының әкімдігіне табысталды. Бұл – тек Жетісу өңірінің ғана емес, күллі Қазақстанның мәдени өміріндегі елеулі оқиға ретінде бағаланды.
Флешмобқа облыстың барлық аудандары, облыстық басқармалар мен ұйымдардан келген қатысушылар белсене қатысып, ұлттық өнерге деген шынайы құрметтерін білдірді. Сонымен қатар Жетісу өңірінің табиғи-тарихи көрнекі жерлерінде 7 күйші орындаған «Бақтыбайдың әуені» күйі арнайы бейнебаянға түсіріліп, флешмобпен біріктірілген музыкалық-визуалды клип ретінде жұрт назарына ұсынылды. Бұл жоба – дәстүр мен заманауи өнердің үндесуінің жарқын үлгісіне айналды.
Шара аясында қазақтың жыршылық-термешілік дәстүрінің көрнекті өкілі Бақтыбай Жолбарысұлының 190 жылдық мерейтойына орай «Бақтыбайдың әуені» және танымал күйші-композитор Әбдімомын Желдібайдың «Ерке сылқым» күйлері орындалды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара тек мереке емес, ұрпақтар арасындағы мәдени сабақтастықты нығайтып, жастардың ұлттық өнерге деген құрметін арттыруға бағытталған. Осындай мазмұнды бастамалар арқылы күй өнері мен домбыра дәстүрі кеңінен насихатталып, «Ұлы дала үні» флешмобы ұлттық құндылықтарды ұлықтаған айтулы оқиға ретінде ел есінде қалды.