Жетісу облысының әкімі
Бейбіт Өксікбайұлы Исабаевтың
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне
арналған құттықтауы
Құрметті журналистер!
Құрметті масс-медиа өкілдері!
Кәсіби мерекелеріңізге орай шынайы құттықтауымды қабыл алыңыздар! Мемлекет басшысының бастамашылдығымен елімізде жүріп жатқан түбегейлі әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді нәтижелі іске асыру ең алдымен сананы жаңғыртуға, дәстүрлі және заманауи құндылықтарды ұштастыра отырып, жаңа сапаға ұмтылуға, елдің береке-бірлігін нығайтуға тікелей байланысты. Бұл істе әсіресе қоғамның айнасы саналатын ақпарат құралдарына артылар жауапкершілік үлкен.
Осы орайда жетісулық журналистер өз кәсіби міндетін лайықты атқарып, өңір тұрғындарына ел және облыс жаңалықтарын жүйелі жеткізіп келеді. Жетісу облысының қайта құрылған үш жыл ішіндегі жеткен жетістіктері, атқарылған ауқымды істері, шешілуі тиіс өзекті мәселелері мен келешек жоспарлары – қай-қайсысы да журналистер қауымының назарынан тыс қалған жоқ. Мұны өңірдегі қоғамды ілгерілету мен халықтың әл-ауқатын арттыру іс-шараларының ақпараттық кеңістікте көрініс табуы деп білеміз. Алдағы уақытта да жетісулық журналистер қауымы қалам қуатымен, азаматтық белсенділігімен, кәсіби біліктігімен елге адал қызмет ете береді деп сенемін.
Мерейлі мерекеде баршаңызға мықты денсаулық, шығармашылық табыс, еңбекте жеміс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!