Жетісу облысы құрылған 3 жылдың ішінде БАҚ саласына елеулі көңіл бөлініп, ақпарат саласы мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылды, сала мамандарының әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту бағытында нақты шаралар қабылданды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мәселен, «Жетісу» телерадиокомпаниясы мен «Жетісу медиа» орталығы қызметкерлерінің жалақысы биылдан бастап 30 пайызға көбейді. Журналист үнемі жол үстінде жүретін кәсіп иесі болғандықтан, «Жетісу медиа» орталығына соңғы үш жылда үш жеңіл автокөлік сатып алынды. Соның ішінде биыл 7 орындық «Hyundai CUSTIN» минивен автокөлігі берілді.
Осы жылы «Жетісу» телеарнасына жедел ақпарат таратуға қажетті екі тікелей эфир тарату құрылғысы сатып алынып, облыстың кез келген жерінен эфирге шығуға мүмкіндік жасалды. Сол сияқты заманауи телестудия сатып алынды. «Жетісу» радиосына заманауи құрал-жабдықтар мен тарату құрылғылары орнатылып, Талдықорған мен қала маңына ғана тарайтын радио толқыны енді облыстың барлық аудан-қалаларына жеткізіліп отыр.
- Тұрақты қолдаудың арқасында облыстағы жергілікті БАҚ саласы жаңа заман талабына сай жаңа өзгерістерге бейімделіп, жаңа медианы меңгеруде. Соның ішінде журналистиканың мультимедиалық бағытын дамытуға басымдық беріп отырмыз. «Жетісу», «Вестник Жетісу» газеттерінің интернет-ресурстары бірегей формада жаңарды. Өңірде шыққанына бір ғасыр болған басылымдарымыз да бар. Биыл «Жетісу» газетіне 107 жыл, «Жетісу шұғыласы» газетіне 95 жыл болса, ал келесі жылы «Жаркент өңірі» газетіне 105 жыл толады, - деген болатын облыс әкімі Бейбіт Исабаев БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиындағы сөзінде.
Осы орайда облыс құрылғаннан бергі үш жылда ақпарат саласында жүрген кәсібіне адал, біліктілігі жоғары мамандарға 1 «Құрмет» ордені, 5 «Еңбек ардагері», 3 «Ерен еңбегі үшін» медальдары, 6 «Ақпарат саласының үздігі» марапаттары берілгенін де атап өтуге болады. Биылғы кәсіби мерекеде мемлекеттік марап алғандар қатары тағы да толыға түсті.
Бұған қоса «Жетісу» телеарнасы республикалық «Тұмар» байқауында екі мәрте топ жарды. Облыстың өзінде жыл сайын БАҚ өкілдеріне арналған «Құлагер» байқауы ұйымдастырылып келеді. Бұл да өз кезегінде журналистер қауымын ынталандырудың, еңбегін лайықты бағалаудың бір көрінісіне айналды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі