Жетісуда БАҚ өкілдеріне арналған «Құлагер» байқауының жеңімпаздары анықталды

Жетісуда БАҚ өкілдеріне арналған «Құлагер» байқауының жеңімпаздары анықталды

Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, бірқатар азаматтарға мемлекеттік марапаттар тапсырды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Талдықорғандағы Б. Римова атындағы драма театрында өткен салтанатты жиында журналистер қауымына арнаған құттықтау сөзінде Бейбіт Исабаев қоғам өміріндегі ақпарат құралдарының рөліне тоқталып өтті.

- Қазір технология өркендеп, ақпарат тарату форматы жаңарды, әлеуметтік желі, блог мәдениеті дәстүрлі медиамен қатар өмір сүріп келеді. Бірақ қай кезде де әділетті орта, жаңа қоғам құру жолындағы адал қызмет журналистиканың басты миссиясы болып қала береді. Осы орайда ақпарат саласына жүктелетін мақсат-міндеттерді лайықты атқарып, аймақтың өркендеуіне атсалысып жүргендеріңіз үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін. Әрдайым қаламдарыңыз қарымды, еңбектеріңіз жемісті болсын! - деді өңір басшысы.

Мұнан соң марапаттау рәсімі атқарылды. Осы күні «Жетісу» телерадиокомпаниясы қазақ редакциясының бас редакторы Гүлжанат Мақұлжановаға «Құрмет» ордені, «Жаркент өңірі» газетінің фототілшісі Жұмағазы Бейсебекке «Ерен еңбегі үшін» медалі, журналистика ардагері Мейрам Жанәділовке «Еңбек ардагері» медалі, сол сияқты «Текелі тынысы» газетінің бас редакторы Торғын Тұрлыбаеваға, «Жетісу» телеарнасының орыс редакциясының бас редакторы Антон Хатеновскийге, «Вестник Жетісу» газетінің бөлім редакторы Бейбіт Мамлеевке «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі, басқа да бірқатар БАҚ өкілдеріне облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, сол сияқты ҚР Президенті жанындағы ОКҚ марапаттары тапсырылды.

Атап өтсек, жуырда «Талдықорған» газетінің бас редакторы Гүлжанат Нұршанова Астанада өткен салтанатты шарада Президенттің қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алып қайтқан болатын.

Сол сияқты жиында биыл үшінші жыл қатарынан өткізіліп отырған «Құлагер» байқауының жеңімпаздары да марапат алды. Атап айтқанда, «Үздік мақала» номинациясында «7-su.kz» сайтының бас редакторы Қозыбай Құрман, «Үздік телесюжет» - «Жетісу» телеарнасының арнайы редакторы Надежда Белова, «Үздік оператор» - «Қазақстан» телеарнасының облыстағы меншікті операторы Самат Оразалинов, «Үздік бейне жұмыс» - Өңірлік коммуникациялар қызметінің бейнедизайнері Данияр Тоқымтаев, «Үздік баспа дизайны» - «Жетісу шұғыласы» газетінің бас редакторы Іңкәр Нұрсұлтанова, «Үздік фото» - «Вестник Жетісу» газетінің фототілшісі Дмитрий Ерофеев, «Үздік баспасөз қызметі» - облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Алуа Оспанжан, «Үздік блогерлік жұмыс номинациясында блогер Эмин Хаджиев, Бейсен Құранбек атындағы «Кәсіби шеберлігі үшін» арнайы сыйлығымен «Хабар» арнасының облыстағы меншікті тілшісі Шыңғыс Қалиден марапатталып, барша жүлдегерлерге диплом мен ақшалай сертификат берілді. 

Марапатталушылар атынан сөз сөйлеген Г. Мақұлжанова:

- Бүгінгі күні ақпарат құралдардың ағартушылық миссиясы алға шығып отыр. Осы ретте мемлекеттік саясатты оң насихаттап, халыққа дұрыс жол көрсету жолында қызмет ете береміз. Жалпы түрлі марапаттарым болғанымен, мемлекеттік марапатты алғаш рет алып отырмын. Бұл біздің «Жетісу» телеарнасының ортақ жеңіс деп есептеймін, - деді ол.

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотосуреттерді түсірген: Жеңіс Ысқабай