Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев Қазақстан полициясы күніне орай өңірдегі полиция органдарының қызметкерлерін құттықтап, өз саласында үздік үлгі көрсеткен азаматтарды марапаттады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Полицияның кәсіби мерекесіне орай өңір басшысы Жетісу облысы Полиция департаментінің әкімшілік ғимаратына барып, ондағы арнайы техникалар мен құрал-жабдықтар көрмесімен танысты. Көрмеде «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлінісінің, кинологиялық қызметтің, Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың арнайы мақсаттағы бөлінісінің қару-жарақтары, әскери техникалары қойылды. Соның ішінде Қазақстанда жасалған «Алан - 2» және ресейлік «Тигр» арнайы машиналары да бар.
Жиналған қауым Департамент аумағына орнатылған ерлікпен қаза тапқан тәртіп сақшыларының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, олардың рухына тағзым етті.
Бұдан әрі салтанатты шара І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында жалғасты. Алдымен ортаға Полиция департаментінің жауынгерлік туы кіргізіліп, Мемлекеттік гимн орындалды. Жиналған тәртіп сақшыларын кәсіби мерекесімен құттықтаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін күштік құрылымның қоғамдық тәртіпті сақтаудағы белсенділігін атап өтті.
- Жетісу облысының дербес облыс ретінде құрылғанына биыл үш жыл толды. Облыстың осы уақыт ішіндегі әлеуметтік-экономикалық салалардағы жетістіктеріне қоғамдағы тұрақтылықтың арқасында қол жеткізілді. Сондықтан осы орайда облыстың дамуына қосқан елеулі үлестеріңізді ерекше атап өткім келеді. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз, табандылықтарыңыз және азаматтық борыштарыңыз – елдегі тыныштық пен тұрақтылықтың сенімді тірегі. Бүгінгі салтанатты күні Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге толағай табыс тілеймін! - деген Б. Исабаев бұдан былай жыл сайын өз саласында үздік атанған 3 полиция қызметкерін «Үздік қызметі үшін» номинациясымен марапаттау туралы шешім қабылдағанын айтып, жергілікті полиция қызметкерлеріне марапаттар тапсырды.
Атап айтқанда, «Үздік қызметі үшін» номинациясы Талдықорған қаласы полиция басқармасының тергеушісі, полиция аға лейтенанты Еңлік Базарбаева, Ақсу ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Ерік Наваев, Көксу ауданы полиция бөлімінің жедел уәкілі полиция капитаны Ғабит Мұқановқа беріліп, оларға арнайы статуэтка табысталды. Адам құтқаруда батылдық пен батырлық көрсеткені үшін Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың аға инспекторы, полиция майоры Мирас Даутовқа ҚР Премьер-Министрінің Алғыс хаты, сол сияқты бірқатар азаматтарға облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты тапсырылды.
Мұнан соң Жетісу облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Сарқытбай Құсайынов сөз алып:
- Бүгінгі салтанатты жиын – елімізде қоғамдық қауіпсіздікті сақтап, қызметін абыроймен орындап отырған ішкі істер органдары қызметкерлерінің қажырлы еңбегі мен ерлігіне көсретілген жоғары құрметтің белгісі. Соңғы жылдардағы жүйедегі өзгерістердің арқасында халықтың сақшыларға деген сенімі артып, азаматтар арасында полицияның беделі өсіп келеді. Жетісу облысының полиция департаменті республика көлемінде рейтинг бойынша алдыңғы қатарда. Алдағы уақытта атқарылатын жұмыс аз емес. Бұл бағыттағы біздің басты қағидамыз – «Заң мен тәртіп» идеологиясын іске асыру болмақ, - деп, полиция қызметкерлеріне Ішкі істер министрлігінің марапаттары мен атақтарын табыстады.
Бүгін үздіктер қатарынан көрініп, арнайы номинацияға ие болған Талдықорған қаласы полиция басқармасының тергеушісі, полиция аға лейтенанты Еңлік Базарбаева:
- І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің заң факультетін, Теміртаудағы полиция академиясын бітірдім. Оқу бітіргеннен бергі үш жылда Талдықорған қаласы полиция басқармасында тергеушісі болып жұмыс істеймін. Жұмысымыз оңай емес, дегенмен бұл мамандыққа жүрек қалауымен келдім. Бүгін осы марапат – менің қызмет ету барысында алған тұңғыш марапатым. Сондықтан мен үшін маңызы үлкен, - дейді ол.
Мерекелік жиында есімі ерекше аталған жандардың қатарында Талдықорған қаласы 3-бөлімшеде үй өртену кезінде үш баланы өрттен құтқарған полиция майоры Мирас Даутов та болды.
- Полиция департаментінде жұмыс істегеніме 15 жыл болды. Қалада үй өртену оқиғасы кезінде бірнеше қызметкермен бірге өрттен құтқаруға қатыстым. Сол әрекетімді бағалап, марапаттап жатқандарына көп рахмет. Мен ерлік жасадым демеймін, өзімнің азаматтық, қызметтік борышымды өтедім деп есептеймін. Полиция қызметіне келгісі келетін жастарға айтарым, спортпен шұғылданып, дене шынықтыру керек, заңды біліп, көркем әдеби кітаптар оқып, ой-өрісін жетілдіруге де көп көңіл бөлген дұрыс. Әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын, - дейді М. Даутов.
Жалпы облыс қайта құрылғаннан бергі үш жылда облыстық полиция департаментіне жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, заманауи техникамен және арнайы құрылғылармен жабдықталуда. Қабылданған шаралардың арқасында 2022 жылдан бері қылмыстық құқық бұзушылық саны екі есе азайды. Соның ішінде қарақшылық, тонау, ұрлық пен бұзақылық деңгейі 2 есе төмендеді, ал кісі өлтіруге қатысты қылмыстар 20 пайызға кеміді. Қоғамдық орындардағы қылмыс саны 30 пайызға азайды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді түсірген: Жеңіс Ысқабай.
Фотосуреттерді түсірген: Жеңіс Ысқабай.