Жетісу облысында су үнемдеу технологиялары белсенді қолданылуда

Жетісу облысында су үнемдеу технологиялары белсенді қолданылуда

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте вегетациялық кезеңді өткізу мәселесі қаралды. Кеңес барысында су тұтынудың 97%-ын құрайтын оңтүстік өңірлердің ахуалы, сонымен қатар ауыл шаруашылығында егіс құрылымын қазіргі жағдайға бейімдеу және ылғалды аз қажет ететін дақылдарға көшу, су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша ауыл шаруашылығында қабылданып жатқан шаралар қаралды. 

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы және Жетісу облыстары әкімдерінің баяндамасы тыңдалды.

Жетісу облысында вегетациялық кезең тұрақты негізде өтуде. Өңір әкімі Бейбіт Исабаев су қоймаларының орташа толу деңгейі 70%-ды құрайтынын, барлық егіс алқабы егіндік сумен қамтамасыз етілгенін хабарлады. Биылға жоспарланған 1 млрд м3 су көлемінің 250 млн м3 мөлшері шаруаларға берілді. Қалған көлемді маусымның соңына дейін қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

«Өңірде су үнемдеу технологиялары мен әдістері белсенді қолданылуда. Сегіз жаңа су қоймасын салу жоспарда бар. Бір бөгет салу жобасы дайындалды. Ислам даму банкі арқылы екі жоба жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, екі жоба республикалық бюджеттен және тағы екеуі жергілікті бюджеттен қаржыландырылады», - деп атап өтті Бейбіт Исабаев.

Кеңес барысында Премьер-министр Олжас Бектенов вегетациялық кезеңде су тәуекелдерін басқару жөніндегі өңірлік штабтар құруды тапсырды. Сондай-ақ суару технологияларын сақтау, коллекторлық-дренаждық суды қайта пайдалану жөніндегі іс-қимылдарын үйлестіру және су үнемдеу технологияларын енгізу, суды заңсыз пайдалануды бақылауды күшейтуді міндеттеді.

Сонымен қатар Үкімет суды цифрлық әдіспен бақылауды, яғни спутниктік деректер мен интерактивті карталар арқылы су тапшылығы бар аймақтарды нақтылау жұмысын да жолға қоймақ. Бұл шаралар шаруаларды сапалы су ресурстарымен қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Ақпарат көзі: Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы