Жетісу облысындағы СЭС құрылысы Ешкіөлмес петроглифтеріне қауіп төндірмейді

Жетісу облысындағы СЭС құрылысы  Ешкіөлмес петроглифтеріне қауіп төндірмейді

Жетісу облысында Ешкіөлмес жотасындағы петроглифтерді жан-жақты бағалау мақсатында уәкілетті органдардың қатысуымен көшпелі отырыс өткізілді, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімінің орынбасарлары Әсет Қанағатов, Диас Есдәулетовпен бірге комиссия мүшелері Ешкіөлмес археологиялық кешеніне және жоғарғы Талапты СЭС құрылысы жүріп жатқан жерге барып, бірқатар мамандардың қатысуымен өзара қорытындыға келді.

Облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының бөлім меңгерушісі Жандос Адамжановтың айтуынша, Ешкіөлмес петроглифтерін паспорттау  2012 жылы белгілі археолог Александр Горячевтің жетекшілігімен жүргізілген. Онда 15 мыңдай жартас суреттері тіркелген. Барлығы мемлекет қорғауында.

Ешкіөлмес петроглифтері жоғарғы Талапты СЭС құрылысынан 5-6 км қашықтықта орналасқан. ҚР Мәдениет және спорт министрінің «Тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау аймағын, құрылыс салуды реттеу аймағын және қорғалатын табиғи ландшафт аймағын және оларды пайдалану режимін айқындау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес археологиялық ескерткіштер 120 метрлік қорғау аймағымен қоршалады. «Қазархеология» ЖШС-нің қорытындысына сәйкес, Көксу өзеніндегі жоғарғы Талапты СЭС аймағында тарихи-мәдени мұраны сақтау және толық ғылыми зерттеу бойынша заң талаптары толық сақталған. Осыған байланысты 2022 жылғы 12 қаңтардағы №03/23 қорытынды негізінде аталған СЭС құрылысын жүргізуге рұқсат берілген, – деді Ж. Адамжанов.

Ал Жетісу облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Тілеухан Байқуатов сарапшы мамандар тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілгенін айтты:

“Экологиялық кодекс талаптарына сәйкес жоғарғы Талапты СЭС ІІІ санаттағы нысан болып саналады, яғни қоршаған ортаға әсері шамалы. Дегенмен қосымша мердігер ұйымға ескерту жасалып, оның негізінде нақты нысандар мен құрылыстардың қоршаған ортаға әсерінің барлық аспектілерін толық көлемде талдауды көздейтін қоршаған ортаға әсерді бағалау жобасы әзірленетін болады”, – деді Т. Байқуатов.

Микроклиматтың өзгеруіне қатысты мәселе бойынша Балқаш-Алакөл инспекциясының өкілі мынадай баға берді:

“Су кодексінің 125-бабына сәйкес жоғарғы Талапты СЭС құрылысы су заңнамасын бұзбайды. Су деривациялық канал арқылы турбиналарға жеткізіліп, кейін өз арнасына қайтарылады. Су қоймасын салу қарастырылмаған. Яғни, СЭС жұмысына байланысты судың деңгейі артпайды да, кемімейді де, сондықтан су микроклиматына әсер етпейді”, – деді Балқаш-Алакөл инспекциясының бас маманы Эльмира Жұмабай.

Көшпелі отырыс қорытындысы бойынша жұмыс тобы бірқатар тұжырым жасады. Атап айтқанда, жоғарғы Талапты СЭС құрылысы қолданыстағы заңнама талаптарына сай жүргізіліп жатыр. Нысанның салынуы Ешкіөлмес петроглифтеріне қауіп төндірмейді. Сонымен қатар, құрылыс барысында Қазақстан Республикасының «Тарихи және мәдениет ескерткіштерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының 30-бабы және Жер кодексінің 127-бабында көзделген талаптардың сақталуын Көксу және Ескелді аудандарының әкімдері тұрақты бақылауда ұстайды.