Бүгін Жетісу облысында медицина қызметкері күні қарсаңында салтанатты іс-шара өтті. Б. Римова атындағы драма театрында сала мамандарын облыс әкімі Бейбіт Исабаев құттықтады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Іс-шара басталмас бұрын өңір басшысы ауылдық, қалалық жердегі 12 медицина мекемесінің қызметкерлері – көтермеақы алған жас мамандармен әңгімелесті.
Салтанатты шарада Бейбіт Исабаев құттықтау сөз сөйлеп, денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту және материалдық-техникалық базаны жаңарту бағытында өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Мәселен, Жетісу облысы құрылған сәттен бастап 81 елді мекен алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектілерімен қамтылды, соның 58-і блок-модульді медициналық пункт, ал биыл осындай тағы 4 нысан Қаратал, Кербұлақ, Көксу аудандары мен Текелі қаласында тұрғызылады. «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 15 нысанның құрылысы аяқталды, тағы 44 нысанның құрылысы жалғасуда. Ал Қаратал ауданының Үштөбе қаласында демеушілер есебінен 50 орындық дәрігерлік амбулатория іске қосылды. Осылайша қабылданған шаралардың арқасында бейімделген ғимараттарда орналасқан медициналық мекемелердің саны 209-дан 127-ге азайды. Бұл ретте жүйелі қолдаудың арқасында 3 жыл ішінде медициналық ұйымдардың жабдықталуы 93%-ға жетті. Сонымен қатар 58 санитарлық автокөлік сатып алынды, ал биыл осындай 29 автокөлік сатып алу жоспарлануда.
- Дәрігерлік – қарапайым мамандықтың бірі ғана емес, ол жүрек батылдығы, зор жауапкершілік. Тіршіліктегі ең құнды саналатын адам өмірі үшін сәт сайын күресетін медицина қызметкерлеріне жағдай жасау және олардың мәртебесін көтеру бағытында мемлекет тарапынан тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. Осы қастерлі мамандық иелерін төл мерекелерімен құттықтай отырып, баршаңызға мықты денсаулық, еңбектеріңізге толайым табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін! Әрдайым ел алғысына бөленіп, абырой биігінен көріне беріңіздер! – деген Б. Исабаев бұдан әрі марапаттау рәсіміне көшті.
Атап айтқанда, «Үздік ауылдық дәрігер» номинациясын Ақсу аудандық орталық ауруханасының дәрігері Жанар Қасенова, «Үздік стационарлық дәрігер» аталымын Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының дәрігері Мақсат Ерубай, «Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің үздік дәрігері» номинациясын Панфилов аудандық орталық ауруханасының дәрігері Айдана Айдар жеңіп алды. Алакөл аудандық орталық ауруханасының медицина қызметкері Мадина Найзабекова «Үздік акушер», Кербұлақ аудандық орталық ауруханасының медбикесі Ғалия Торғымбекова «Үздік ауылдық медбике» атанды. Марапат жалпы 13 номинация бойынша берілді. Әр жеңімпазға арнайы диплом мен ақшалай сертификат табысталды.
Олардың арасында «Үздік стационарлық медбике» атанған Ескелді аудандық орталық ауруханасының медицина қызметкері Ольга Буракова да бар:
- Мерекеге арналған салтанатты іс-шараға алғаш рет қатысып отырмын. Бәріне көп рахмет, мереке өте жақсы өтіп жатыр. Медицина саласында 22 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Еңбек жолымды Ескелді аудандық орталық ауруханасынан бастадым. Өз мамандығымды мақтан тұтамын әрі жақсы көремін. Әріптестеріме қиын да күрделі жұмыста еңбектеріне табыс тілеймін, - деді ол.
Ал «Үздік фельдшер» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылған Көксу аудандық орталық ауруханасының медицина қызметкері Асқар Ахметов өз құттықтау сөзінде:
- Талдықорған медициналық колледжін бітіріп, көп жылдар бойы Көксу аудандық ауруханасында жұмыс істеп келемін. Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін бар күш-жігерімді жұмсап, біліктілігімді арттыруға тырысамын. Осы мереке қарсаңында баршаңызға зор денсаулық, бейбіт те берекелі өмір, жақсылық тілеймін! Бізге, медицина қызметкерлеріне құрмет көрсеткендеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын, - деді ол.
Салтанатты шара мерекелік концертпен аяқталды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай