Бейбіт Исабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Бейбіт Исабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Қабылдауға 3 адам жазылды. Олар тұрғын үймен қамту және әлеуметтік көмек мәселелерін көтерді.

Талдықорған қаласының тұрғыны, былтыр тұрғын үйге кезегіне тұрған Маймуна Садрееваның мүддесін білдіруші Ақжанбы Егізоваға заңнамаға сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй кезек тәртібімен ғана берілетіні түсіндірілді.

Қабылдауға келген азаматтар - тұрғын үйде газ жарылысы болу салдарынан әке-шешесінен айырылған талдықорғандық Ернұр Жүкен мен оның қарындастарына  ипотекалық несиесін жабуға демеушілер есебінен қосымша материалдық көмек көрсетілетін болады. Қажетті әлеуметтік көмек көрсету мақсатында Денсаулық сақтау, Білім беру, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшыларына жағдайды тұрақты бақылауға алу тапсырылды.

Алакөл ауданының тұрғыны Ләззат Ермозанова тұрғын үй заңнамасында «Желтоқсан оқиғасына қатысушы» жеке санатын белгілеу, сондай-ақ әлеуметтік қолдау көрсету мәселесімен жүгінді.

Облыс әкімі тұрғын үй заңнамасына өзгерістер енгізу мәселесі жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде емес екенін, дегенмен әкімдік Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне осы ұсынысты жеткізе алатынын айтты. Әлеуметтік қолдау мәселесіне келсек, жыл сайын облыстық бюджеттен Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға біржолғы материалдық көмек беруге, сондай-ақ санаторий-курорттық емделуге қаражат бөлінеді. Алакөл ауданында еске алу аллеясын ашу мәселесін аудан әкімдігі қарайтын болады. Айта кетейік, облыс аумағында Желтоқсан оқиғасына арналған 4 сәулеттік құрылыс бар. Олар – Ақсу ауданы Жансүгіров ауылы мен Панфилов ауданы Жаркент қаласындағы ескерткіштер, Алакөл ауданы Үшарал қаласындағы стелла және өткен жылы Талдықорған қаласында ашылған «Желтоқсан желі ызғарлы»  монументі.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Жеңіс Ысқабай