Жетісу облысында Астана мен Мәскеуде өткен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған шерулерге қатысушыларды марапаттады. Салтанатты рәсім Талдықорғанда орналасқан № 18404 әскери бөлімінің алаңында өтті, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ұлы Жеңіске арналған айтулы миссияны лайықты орындағаны үшін өңір басшысының атынан алғыс білдірген облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов әскери қызметшілерге - жалпы саны 35 адамға облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыс етті.
Еске салсақ, Мәскеуде өткен салтанатты шеруге Қазақстаннан Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Иван Панфилов атындағы 37-ші десанттық-шабуыл әскерлері бригадасы барған болатын. Бұл – осы шеруге еліміздің атынан қатысқан жалғыз әскери бөлім. Мәскеуге барған салтанатты топты әскери бөлімнің командирі, полковник, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің және «Жауынгерлік ерігі үшін» медалінің иегері Алмас Төлегенов бастап барды. Топ құрамында 80 әскери қызметші болды, атап айтқанда, 11 офицер, 24 келісімшартпен жұмыс істейтін қызметші және 45 мерзімді қызмет сарбазы.
- Биыл Қазақстан армиясы өкілдерінің құрамында Мәскеудегі Қызыл алаңда Жеңістің 80 жылдығына арналған шеруге қатысуға мүмкіндік туды. Биыл әскери салада төртінші жыл келісімшарт бойынша жұмыс істеп келемін және өз Отаныма қызмет еткенімді мақтан тұтамын, – деді кіші сержант Әлібек Манарбеков.
Астана қаласында өткен салтанатты әскери шеруге қатысқандардың бірі ой бөлісті:
- Мен Астананың орталық алаңында әйелдер сапының құрамында салтанатты түрде сап түзеп жүріп өттім. Бұл парадқа еліміздің түкпір-түкпірінен 150 әскери қызметші әйел қатысты, соның 11-і – біздің десанттық-шабуылдау бригадасынан. Мен мұндай іс-шараға алғаш рет қатыстым, бойы, түзулігі, мүсіні, сыртқы келбеті – жан-жақты іріктеу қатаң, талап жоғары болды. Осындай айтулы іс-шараға қатысқаныма қуандым! – дейді парадқа қатысушы әскери қызметші-десантшы, қатардағы жауынгер Адина Қуанбекқызы.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев