Мемлекеттік тілді меңгерушілер қатары көбейіп келеді

Мемлекеттік тілді меңгерушілер қатары көбейіп келеді

Облыста өткен жылдан бастап қазақ тілін қысқа мерзімді оқыту жобасы – «Қазақша сөйлейік!» сөйлеу практикасының клубы жұмыс істейді. Ол тыңдаушыларға 1 жарым ай ішінде қазақ тілінде сөйлеуді қарапайым деңгейде үйренуге, біртіндеп ауызша сөйлеуді меңгеруге көмектеседі. Бұл тілдік кедергіні еңсеруге жәрдемдесіп қана қоймай, әрі қарай оқуға деген ынтасын арттырады. Әр адам облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы мен оның аудандық, қалалық филиалдарының базасында тегін білім ала алады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«Тіл» орталығының оқытушысы Жанар Елесбаеваның айтуынша, оқыту әдістемесі сөйлесуге ыңғайлап құрылуы жобаның бірегейлігі деуге болады: «Бізге қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін тұрғындар жиі жүгінеді. Бірінші кезекте олар қарапайым тұрмыста айтылатын сөйлемдерге иек арта отырып, шаштаразда, кафеде, емханада, дүкенде және т.б. жұмыс орындарында өз клиенттерімен байланыс жасауды үйренеді. Сөйлеу клубындағы оқыту әдістемесі осы принципке негізделген. Біз тегін оқытамыз. Өткен жылы осы бағдарламамен 392 тыңдаушы білім алды, биыл да шамамен 400-ге жуық тыңдаушы болады, - дейді Ж. Елесбаева. Атап өтсек, бұл оқытушы оқу орталықтарының оқытушылары арасындағы республикалық конкурстың екі мәрте жеңімпазы болған.

Оқытушы мемлекеттік тілді үйрену үдерісін жеңілдету үшін «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының курс тыңдаушыларына түрлі жадынамалар, шағын сөздіктер, брошюралар, бейне сабақтары бар дискілер және басқа да көрнекі-иллюстрациялық үлестірме материалдар шығарылатынын атап өтті. Мұндай материалдар клубқа келушілер үшін де пайдалы. Мысалы, ХҚКО-ға баруға арналған «50-100-150» шағын сөздігінде осы салада ең көп қолданылатын елу сөзді тірек етіп, сұрақ қоюға, әңгімелесуге, хабарландыруларды оқуға және түсінуге көмектесетін тұтас сөз тіркестері мен сөйлемдер жинақталған. Бұл серияның бірнеше сөздігі емханаларға, дүкендер мен кафелерге барғанда қолдануға арналған. Осылайша бұл курс тыңдаушыларының күнделікті өмірде белсенді тілдік тәжірибесін дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар көмекші құралдардың әр бетінде сөздіктердің немесе жаттығулар жинақтарының мобильді нұсқасын ашатын QR коды бар, онда жазылған сөздердің қалай дұрыс айтылатынын тыңдай аласыз.

- Мен екі айға жуық уақыттан бері мемлекеттік тілді үйрену курстарына қатысып келемін. Әр сабақта жаңа тақырып өтіп, оған қоса бұрынғы өткендерімізді қайталап, бекіте түсеміз. Оқудан тыс жерде  қажетті сөздер керек уақытында еске түсе бермейді, кейде асыққанда ұмытып қаласың, телефоннан іздеген қолайсыз, сондай кезде Орталықтың шағын сөздіктері көмектеседі. Керек сөйлемді тауып, есте сақтау әлдеқайда тез жатталады, - дейді курс тыңдаушысы Виктория Герман.

Сонымен қатар тіл мәдениетін дамыту, сауаттылықты қалыптастыру, тіл нормаларын сақтауға үйрету үшін биыл «Сіз білесіз бе?» айдары ашылып, соның аясында мемлекеттік және ағылшын тілдерінің оқытушылары түрлі тақырыптарда бейне-контент дайындауда. Қазірдің өзінде 40 бейнеролик түсіріліп, әлеуметтік желілерде жарияланды, жыл соңына дейін олардың санын 100-ге жеткізу жоспарланып отыр.

Жалпы Жетісу облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастыратын тілдік курстардың танымалдығы жыл сайын артып келеді. Өткен жылы мемлекеттік тілді оқыту курстарына 818 адам қабылданса, осы жылдың басынан бастап тіл үйренушілер саны 2267 адамға жеткен. Қазіргі кезде облыс бойынша Талдықорғанда және оның филиалдарында қазақ, орыс және ағылшын тілдерін үш мыңға жуық адам үйреніп жүр.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі