Сринингтік зерттеулер: әрбір қызметкер нені білуі керек

Сринингтік зерттеулер: әрбір қызметкер нені білуі керек

Қазақстанда жұмыскердің жұмыс уақытында жалақысы сақтала отырып скринингтік зерттеулерден өтуге заңды құқығы бар.

Бұл құқық ҚР Еңбек кодексінің 87-бабының 5-тармағының 5) тармақшасында көзделген, оған сәйкес жұмыскерлерге скринингтік зерттеулерден өту үшін жыл ішінде ұзақтығы үш жұмыс күніне дейін әлеуметтік демалыс беріледі.

Демалыс беру жұмыс берушінің актісімен ресімделеді.

Бұл демалысты бірден – қатарынан үш жұмыс күні ішінде де, сондай-ақ күнтізбелік жыл ішінде бөліп-бөліп те пайдалануға болады. Бұл ретте жұмыскердің жұмыс орны, лауазымы және орташа жалақысы сақталады. Бұдан басқа, ҚР Еңбек кодексінің 23-бабының 2-тармағының 26-1) тармақшасына сәйкес жұмыс беруші жұмыскерге жұмыс орны мен орташа жалақысы сақтала отырып, скринингтік зерттеулерден өту үшін демалыс беруге міндетті.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 87-бабының 4-тармағы жұмыс берушілерді скринингтік зерттеулерден өту үшін жағдай жасауға және жұмыскерлерді жұмыс уақытында олардан өту үшін кедергісіз жіберуге міндеттейді.

Сондықтан мұндай демалысты беру – жұмыс берушінің құқығы емес, оның міндеті екенін түсіну маңызды.

Демалыс беруге медициналық ұйымның шақыруы да, сондай-ақ өзіңіздің скринингтік зерттеулерден өту туралы шешіміңіз де негіз бола алады.

Бұл ретте жұмыс берушілер жұмыскерлерді скринингтен өтуге мәжбүрлеуге құқығы жоқ. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 80-бабының 3) тармақшасына сәйкес азаматтар профилактикалық медициналық қарап-тексерулерден және скринингтік зерттеулерден өтуге міндетті.

Сондықтан, егер сіз скринингтен өтуді шешсеңіз, жұмыс беруші сізді қажетті уақытқа жұмыстан босатып, жұмыс орныңыз бен орташа жалақыңызды сақтауға міндетті.

Өз құқықтарыңызды біліңіз, профилактикалық тексерулерден уақтылы өтіп, денсаулығыңызды күтіңіз.

https://www.instagram.com/reel/DamX4ISMZGh/?igsh=MXVubGEydTVjdGVocg%3D%3D