Тәжікстан Республикасы делегациясының "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ сапары

Тәжікстан Республикасы делегациясының  "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ сапары

2025 жылғы 24-25 сәуірде Тәжікстан Республикасы делегациясының (бұдан әрі – ТР) «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) танысу сапары өтті.  Іс-шара Дүниежүзілік банктің қолдауымен өтті.

Делегация құрамында ТР Үкіметі жанындағы әлеуметтік сақтандыру және зейнетақы агенттігі (ӘСЗА), ТР Президенті жанындағы инновация және цифрлық технологиялар агенттігі (ИЦТА), ТР Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы "Әлеуметтік қорғау мен экономикалық интеграцияны жаңғырту жобасын" жүзеге асыру тобының өкілдері болды. Кездесуге ҚР Ұлттық Банкі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ, "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ және Дүниежүзілік банк өкілдері қатысты. 

Құттықтау сөзінде "БЖЗҚ" АҚ Басқарма төрағасы Жанат Құрманов кездесуге қатысушыларға Қазақстанның зейнетақы жүйесіне қызығушылық танытқандары үшін алғыс айтып, оның негізгі компоненттері туралы баяндады және екі ел мамандарының нәтижелі ынтымақтастығына сенім  білдірді.

Өз кезегінде тәжік делегациясының басшысы – ТР ӘСЗА директоры Абдурахмон Халимзод қазақстандық әріптестеріне зейнетақы жүйесін құрудың озық тәжірибесімен және оны цифрландыру деңгейімен танысуға мүмкіндік бергені үшін алғысын айтты. Ол цифрлық технологияларды өмірдің барлық салаларына, әсіресе зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру саласына енгізудің маңыздылығына тоқталып, бұл қазіргі уақытта Тәжікстандағы басым стратегиялық міндеттердің бірі екенін атап өтті.

Семинар барысында Душанбе қаласындағы ӘСЗА басқармасының бастығы Усмонали Сироджов ТР әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі туралы айтып берді. Қазір Тәжікстанда ерлер 63, әйелдер 58 жасында зейнетке шығады. Зейнетақы төлемдері елдегі орташа өмір сүру ұзақтығына сәйкес 180 айға (15 жыл) есептелген. Сақтандыру және Мемлекеттік зейнетақы жасына, мүгедектігіне және асыраушысынан айырылуына байланысты тағайындалады. Сақтандыру зейнетақысы сақтанушылар сақтандырылған адамдар үшін төлеген зейнетақы жарналарынан тұрады (мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің жалақысының 25%, мемлекеттік емес мекемелер 20%). Сондай-ақ, зейнетақы әкесінен немесе анасынан айырылған 18 жасқа дейінгі балаларға тағайындалады.

Тәжікстандық топ Қазақстанның зейнетақы жүйесімен танысу, оның жинақтаушы компоненттеріне ерекше назар аудару, сондай-ақ еліміздің зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерін цифрландыру саласындағы озық тәжірибесімен танысу үшін келді.

Тәжік делегациясына Қазақстандағы әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі, атап айтқанда жинақтаушы компонент туралы кешенді ақпарат ұсынылды. Зейнетақыны жоспарлау мәдениетін дамыту, жеке зейнетақы шоттарын әкімшілендіру, зейнетақы төлемдерінің түрлері сынды тақырыптар таныстырылды, Зейнетақы жинақтарын инвестициялау мәселелері ашылды.  Бұл ретте осы бағыттарды іске асыруда цифрландырудың рөліне, кибер-қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, БЖЗҚ және Қазақстанның жинақтаушы жүйесінің басқа да қатысушылары (уәкілетті операторлар (ЕДБ), инвестициялық портфельді басқарушылар және өмірді сақтандыру компаниялары және т.б.) ұсынатын онлайн-сервистерді дамытуға ерекше назар аударылды. Заманауи технологияларды дамытудың және ақпараттық қауіпсіздіктің барлық шараларын сақтай отырып, мемлекеттік құрылымдардың дерекқорларымен тығыз ықпалдасудың арқасында БЖЗҚ халыққа көрсететін барлық қызметтер цифрландырылды. Цифрландыру Қазақстанның зейнетақы және әлеуметтік жүйесін неғұрлым ашық, ыңғайлы және икемді, сондай-ақ азаматтардың барлық санаттары үшін пайдаланушы тәжірибесінің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді. Мұны Тәжікстанның әлеуметтік ұйымдарының мамандары, сондай-ақ Дүниежүзілік банк өкілдері атап өтті.

 

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).