Көктемгі егіс науқанына дайындық мәселесі пысықталды

Көктемгі егіс науқанына дайындық мәселесі пысықталды

Жетісу облысында дақылдарды әртараптандыру аясында басымды дақылдардың егіс көлемі 18,1 мың гектарға ұлғайтылады. Соның ішінде қант қызылшасы 11,5 мың гектарға себіледі деп күтілуде. Бұл туралы бүгін Көксу ауданында көктемгі дала жұмыстары туралы өткен семинар жиынында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев айтты. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев,  өңірдегі шаруа қожалықтарының жетекшілері, Көксу қант зауытының басшылығы, жергілікті әкімдік қызметкерлері қатысты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.  

Жиында баяндама жасаған Н. Кененбаев жалпы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 7 мың гектарға артып, 524,8 мың гектар болатынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл көлемнің 393,4 мың гектары көктемде себіледі.

Спикер өткен жылы дақылдардың егістік құрылымын сақтамау салдарынан дәндік жүгері 12,5 мың гектарға артық себіліп, жиналған өнімді өткізу мәселесі қиындық туғызғанын айтты. Сондықтан биыл дақылдарды әртараптандыру жүргізіледі. Сөйтіп дәнді дақылдар 10,5 мың гектарға қысқарып, майлы дақылдар 9,1 мың гектарға, қант қызылшасы 2,7 мың гектарға, мал азығы дақылдары 6,3 мың гектарға артпақ. Ал биыл қайта өңдеу кәсіпорындарына өткізілетін 1 тонна дәндік жүгерінің субсидия нормативі 6 мың теңгеден 10 мың теңгеге дейін көтерілді.

- Қант қызылшасын себу жұмыстарын 10 сәуірден бастап, 10 мамырға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Оған облыс бойынша жалпы 114 сепкіш дайындалды. Биыл қант қызылшасын қолдау мақсатында облыстық бюджеттен 2,5 млрд. теңге бөлініп, бұл қаржыға жаңадан құрылған 8 сервистік дайындау орталықтарына техникалар алынуда. Осы ретте ауыспалы егістікті сақтау, минералды тыңайтқыштарды, пестицидтерді қажетті көлемде қолдану, сапалы тұқымдарды пайдалану, жалпы агротехнологиялық шараларды ұстану ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға ықпалы ететінін ұмытпауымыз керек, - деген Н. Кененбаев шаруашылықтардың тұқыммен қамтылуы жайына кеңінен тоқталып өтті. Соның ішінде қант қызылшасы тұқымына берілген өтінімдерге сәйкес бүгінгі күнге 13,5 мың гектарға жететін тұқым жеткізілген. Бұл ретте франциялық, германиялық, америкалық, даниялық тұқымдар бар.  

Ал Көксу қант зауытының директоры Алтынбек Абатовтың айтуынша, биыл Көксу зауыты 700 млн теңге бөліп, 9597 себу бірлігі гибридті тұқымдарына тапсырыс берген, қазір тұқымдар зауытқа жеткізіліп, шаруашылықтарға таратыла бастаған.  Атап өтсек, былтыр зауыт көктемгі дала жұмыстарына 1.5 млрд теңге бөлген, соның ішінде тұқыммен де қамтамасыз еткен болатын.

Осы жиында алқаптарды сумен қамту, мемлекеттік қаржылай қолдаулар туралы «Қазсушар» РМК мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның аймақтық филиалдарының өкілдері айтып берді. Сол сияқты егіс науқанын сапалы өткізу жөнінде шаруа қожалықтарының басшылары да ой-пікірлерін ортаға салды.  

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев көктемгі дала жұмыстарын жүргізу аса жауапты науқан екенін ескере отырып:

- Аудан, қала әкімдері егіс науқанын сапалы әрі уақтылы жүргізуі тиіс. Атап айтқанда, жергілікті әкімдерге ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді тұқыммен толық қамтамасыз етуді, кепілдендірілген дизель отынын жеткізудің бекітілген кестесіне сәйкес жанар-жағармайды уақытылы жеткізуді, машина-трактор паркін жаңарту мәселелерін бақылауда ұстауды тапсырамын. Сол сияқты көктемгі егіс үшін несие беру ісін жандандырып, қарастырылған қаражаттың мақсатты игерілуін қамтамасыз ету керек. Суармалы суды уақтылы беру үшін суару арналары мен су шаруашылығы құрылыстарын дайындап, вегетациялық кезеңде егіс алқаптарына суды толық көлемде жеткізу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырамын. Жұмысты бірлесіп, ұйымдаса атқарғанда ғана  межелі жетістікке жете аламыз, - деді Ә. Жақанбаев.  

Атап өтсек, семинар барысында арнайы көрме ұйымдастырылып, Жетісу мен Жамбыл облыстарының және Алматы қаласының жеткізуші компаниялары тұқым, минералды тыңайтқыштар, пестицидтер, ауыл шаруашылығы техникалары мен су үнемдеу технологияларын шаруашылықтар назарына ұсынды.

Дәл осындай семинар жиыны ертең Сарқан ауданында да өткізілмек.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттерді түсірген: Дмитрий Ерофеев